«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЖАБДЫҚТАР жақсы жұмыс істеуге мүмкіндік береді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Алаштың айбынын асырып, ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы армандаған күнге жетіп, көк байрағымызды көгімізде желбіреттік. Біз үшін мұның өзі баға жетпес бақыт болып саналады. 

Сабыржан ТӘУКЕЛОВ,

“Облыстық Қан орталығы” ММ-нің директоры.

Елбасының сындарлы саясаты арқасында жасампаздықтың даңғыл жолына түсіп, биік белестерді бағындырғанымызға биыл 22 жыл толып отыр. Тарих ауқымымен алып қарағанда бұл аз мерзім болса да, еліміздің осы жылдар арасында қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ең маңыздысы – осы қасиетті күннен бастап әлем картасында жаңа Тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осы жылдар ішінде тамырымыз тереңге бойлап, алға қойған ұлы мақсаттарға қол жеткіздік. Барша Қазақ елі үшін мәнді де маңызды Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тіліміз, дініміз бен ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің Ұлттық рәміздері қабылданды, салт-дәстүріміз жанданды. Экономикамыз нығайып, мәдени мұрамыз молая түсті. Егемен елімізде, бір шаңырақ астында тұрып жатқан ұлттар достығы өз тамырын тереңге жая бастады. Мұның барлығы Тәуелсіздік таңынан бастау алды. Бүгінде егемен еліміз күн санап дамып, қарышты қадаммен алға басып келеді. Біздің ендігі мақсатымыз – әлемдегі ең қуатты 30 елдің қатарына қосылу.

Ел Тәуелсіздігі арқасында айқын бағыт-бағдармен жұмыс істеп, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға мүмкіндік алдық. Қазір қай саланы алсақ та, ілгері басушылық байқалады. Бұл – заман талабы. Медицина саласына келер болсақ, қазір жаңа технология бойынша жұмыс істеуге әбден дағдыландық. Білікті мамандар алыс-жақын шетелге барып, білімдерін ұштауда. Облыс орталығындағы әрбір емхана, аурухана заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қан орталығы да осы қатардан орын алып отыр. Бүгінде жақсы жұмыс істеу үшін жағдай толығымен жасалған деп айта аламын. Мекеме жоғары деңгейде тұрғызылған жаңа ғимаратқа қол жеткізді. Игі шара Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылған “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша салынды. Медициналық жабдықтар әлемдік стандарттарға сай келеді. Мұндағы қан дайындаудан бастап, бүкіл жұмыс автоматтандырылған әдіспен орындалуда. Қан тапсырушыларға тамаша жағдай жасалды. Қан бөлек жерде алынып, оны даярлау уақыты жеделдетілді. 2011-2013 жыл аралығында қан өндіру 4900 литрден 7600 литрге дейін өсті. Донация саны жылына 7 мыңнан 10700-ге дейін көтерілді. 1000 тұрғынға шаққандағы донация мөлшері республикалық көрсеткіштен асып отыр. Ол 12,4-тен 18,4-ке дейін жетті. Осының өзі бұл көрсеткіштің оң нәтиже беріп отырғандығының дәлелі болып табылады. Осындай жақсы нәтижелерге қол жеткізуімізге мемлекет тарапынан жасалып отырған оңтайлы жағдай ықпал етіп отыр. Бұл да Тәуелсіздік арқасында шыққан белесіміздің бірі болып саналады.

Қазір еліміз, жеріміз гүлденіп, қанатын кеңінен жайып келеді. Жаңашылдыққа бастаған жаңа жолда Елбасы алға қойған міндеттерді абыроймен орындауға атсалысып жүрген әрбір қазақстандықтың өзіндік бір қосқан үлесі бар деп ойлаймын. “Бірлесе көтерген жүк жеңіл” дегендей, алдағы уақытта да күш-қайратымызды аямай жұмыс істесек, Тәуелсіздігіміздің туы одан да биікте желбірейтініне сенімдімін.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp