«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР “жылыжайлық” жағдайдан шығып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстан – 2050” Стратегиясында Елбасы отандық кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күші деп атаған болатын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елбасы алға қойған үлкен міндеттерді жүзеге асыру жолында осы күшті – барлық кәсіпкерлерді бір шаңырақтың астында біріктірмек. Осы орайда жуырда құрылған Ұлттық кәсіпкерлік палатасының мақсат-міндеттері жайлы білмек болып, Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкинамен жүздескен едік.

– Нелли Филипповна, Тәуелсіздік жылдары елімізде, оның ішінде өңірімізде кәсіпкерлік саласының қалай дамығандығын жақсы білесіз. Кәсіпкерлер қандай қиындықты бастан өткерді, бүгін қандай жетістіктерге қол жеткізіп отыр?

– Тәуелсіздік жылдары кәсіпкерлік саласы жақсы дамыды. Әлі есімде, 1997 жылы шілде айында Президенттің кәсіпкерлік жөніндегі бірінші қаулысы шықты. Бір жылдары сол қаулы шыққан күнді Кәсіпкерлер күні ретінде атау керек деген ұсыныс та айтылды. Егер статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ол жылдары өңірімізде 3 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі болды. Ол кез бизнес субъектілері селқос еді, әрі оларға айтарлықтай қолдау да болмаған уақыт. Ал қазір Қазақстан бизнес субъектілерін қолдау жүйесімен мақтана алады. Бұл бағытта жүргізілетін халықаралық көрсеткіштерге көз салсақ, Қазақстанның жақсы нәтижеге қол жеткізгенін көреміз. Мәселен, Бүкіләлемдік банк жүргізетін бизнесті енгізу индексі бойынша Қазақстан 51- орында. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша қажетті институттар құрылған. 2000-2005 жылдары бизнес субъектілері тарапынан мәселелер көтеріліп, оны қалай шешу жолдарын білмеген олар: “Кредиттік пайыздарды субсидиялау қажет” дейтін. Ал соңғы жылдары “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бизнес субъектілері аталмыш бағдарлама аясында кредит алу үшін кезекте тұр десек те болады. Себебі, осы бағдарламаның арқасында банктер пайыздық ставкасын 18-ден 14-ке дейін төмендетті. Оған мемлекеттің пайыздық ставкасы 14 пайызға дейінгі кредиттерді ғана субсидияландыруы себеп. Банк өз клиенттерінің қатарын көбейту үшін бұл қадамға да барды. Қазіргі таңда осы бағдарламаның негізінде өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету қолға алынды. Инновациялық идеяларды гранттық негізде қолдауды жүзеге асыру да көп жылдан бері айтылып келген еді. Біз Кеден одағы елдері бойынша “Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы” Заңның қабылдануына қол жеткізген жалғыз мемлекетпіз. Онда нені, қай саланы тексеру тәртібі, тексерудің алдын ала жоспары болуы керек екендігі нақты көрсетілген. Яғни, бақылау және қадағалау органдары ат үстінен келіп, тексере алмайды. Бұған бизнес субъектілерінің белсенді қатысуының арқасында қол жеткіздік. Осы жылдар аралығында бизнес субъектілерінің деңгейі өскенімен, біздің бірыңғай экономикалық кеңістікке енетіндігіміз басқа талаптарды өмірге әкелді.

– Қандай?

– Ол – бәсекеге қабілеттілік. Мысалы, көршіміз Ресейдегі бизнес субъектілері біздікілерге қарағанда қатаң тәртіпте жұмыс істейді. Сол себепті олар стратегиялық жоспарларға маркетингтік қызметтермен, пиар науқандармен жұмыс істеуге ұқыпты қарайды. Олар мықтырақ. Ал бізде кәсіпкерлерге “жылыжайлық” жағдай жасалған. Салық та Ресейдегідей алқымнан алмайды. Енді біз қатал тәртіпте жұмыс істеп үйренген шетелдік әріптестерімізбен бәсекелес болуымыз үшін өзіміздің осал тұстарымызды анықтауымыз керек. Осы орайда Ұлттық кәсіпкерлік палатасының арқасында өзіміздің осал тұстарымызды анықтап, туындаған мәселелерді шешеміз ғой деп ойлаймын.

– Жаңадан құрылған Ұлттық кәсіпкерлік палатасының мүмкіншілігіне зор сенім білдіріп отырсыз. Оны құру қаншалықты қажет болды және мақсаты не?

– “Қазақстан Республикасы кәсiпкерлерiнiң Ұлттық палатасы туралы” Заң бизнестің мемлекетпен диалогтағы өкілдігін күрделі өзгертті. Себебі, Қазақстанда алғаш рет кәсіпкерлер үшін міндетті мүшелікке негізделген ұйым құрылды. Еуропа елдерінің бұл бағытта тәжірибелері бар. Оларда көп жылдан бері палаталар жұмыс істеп, кәсіпкерлік субъектілерінің оған мүше болуы міндеттелген. Бұл ұйымды мықты қаржылық тұрақтылықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсіпкерлік мүддесіне қатысты құжаттарды сараптамадан өткізіп, өздерінің құзыретті пікірлерін айтатын білікті мамандар мен сарапшыларды жалдауға мүмкіндік береді. Яғни, бизнестің билікпен құзыретті диалог жасауына жол ашылады. Аталмыш заңның діттегені осы. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері ірі, орта және шағын болса да, ол палатаның заңды мүшесі болады. Осының арқасында кәсіпкерлік палатадан көмек, консультация және қолдау ала алады. Үстіміздегі жылдың шілде айына дейін барлық кәсіпкерлік субъектісі бірлестіктері ерікті негізде жұмыс істеген болатын. Мысалы, өңірімізде 21 мың бизнес субъектісі болғанымен, сауда-өнеркәсіп палатасына олардың 100-і ғана мүше. Осының салдарынан кәсіпкерліктегі бар мәселелерді анықтау қиын. Ал қазір барлық бизнес субъектілері палатаның мүшесі болғандықтан, туындап отырған мәселелерді анықтауға мүмкіндік ашылады. Аталмыш заң салалық ұйымдардың, түрлі салалардың мүдделерінің анықталуын, белгілі бір мәселелерді, заңдарды, тұжырымдарды даярлауда болатын талқылауларда бизнестің билік органдарымен келіссөзін жақсартуға басымдық береді. Мәселен, бизнес субъектілеріне пост-терминалдарды енгізу жөніндегі нормативтік акт қабылданды. Алайда, ешкім ауылда орналасқан шағын бизнестің банктің келісімде көрсеткен айналымдарды жасай алмайтындығына мән бермеді. Осыған орай Ұлттық кәсіпкерлік палатасы осыған байланысты өз наразылығын білдіргеннен кейін Үкімет бұл тұжырымдаманы енгізуді 1 шілдеге дейін шегерді. Себебі, шағын кәсіпкерлік субъектісі талапты орындай алмаса, банк одан посттерминалды алып қояды. Ал посттерминал жоқ болғандықтан, салық органдары шағын субъектіге айыппұл салады. Мұның барлығы кезінде кәсіпкерлердің пікірін билікке жеткізетін дауыстың жоқтығынан орын алған. Ал қазір ұйымға кәсіпкерлердің пікірін білдіруде заңнамалық тұрғыда заңмен өкілеттілік және құқық беріліп, мемлекеттік органдарды оларды тыңдауға және сараптама кезінде Ұлттық палатаның пікірімен санасуға міндеттеуі бизнестің жоғарыға жетер даусын күшейтті десек болады.

– Бұл орайда өңірімізде құрылған кәсіпкерлер палатасы қандай жұмыстарды жүзеге асырмақ?

– Заңға қатысты мәселелер Ұлттық палата деңгейінде шешілетін болса, біз жергілікті жерлерде туындаған мәселелерді анықтайтын боламыз. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер елімізде экологиялық бұзушылық жөніндегі заңнама қатал екендігін айтады. Мұндай мәселелерді кәсіпкерлермен тікелей байланыста болатын өңірлік палаталар ғана біле алады. Біздің жергілікті жердегі міндетіміз – бизнес субъектілерімен белсенді диалог жүргізіп, олармен үнемі байланыста болып, қандай мәселелер толғандырып жүргенін білу. Бизнес субъектілерінің заңды құқықтары бұзылғанда олардың қорғануына көмектесуіміз қажет. Заңсыз тексеріс болғанда бизнес субъектілері мемлекеттік органдарға қарсы келмеуге тырысады. Ал өңірлік деңгейдегі Ұлттық палата кәсіпкердің басына түскен осындай мәселені шешіп береді. Сондай-ақ біз сервистік қолдауды көрсетуіміз қажет. Бұл жұмыс ендігі жылы басталады. Өзіңіз білесіз, кәсіпкерлік субъектісінің дені ауылды жерлерде орналасқан. Онда консалтингтік, заңгерлік компания да, бухгалтерлік фирма да жоқ. Егер кәсіпкерде салық төлеуде немесе қандайда бір даулы мәселе туындаса, ол қайда барады? Ол палатаға келіп, консультация алуы қажет.

– Сіздер кәсіби-техникалық білімі бар кадрларды даярлауға да ден қойдыңыздар. Бұл қалай жүзеге асырылады?

– Ол үшін біз ауданда құрылатын филиалдардың арқасында бизнес субъектісіне қандай маман қажет екенін анықтап, колледждерге бюджеттік қаржыға еңбек нарығына қажет мамандарды даярлауларын талап етеміз. Бизнес, кәсіби-техникалық білім беретін ұйымдардың жергілікті билік органдарымен бірлесіп ашық диалог құруын көздеп отырмыз. Бизнес субъектілері оқу орнына өзінің шеберін жіберіп, білікті кадр әзірлеу үшін материалдық-техникалық базасы болуы қажет. Бүгінгі таңда барлық бизнес субъектілері білікті кадр тапшы екендігін айтады. Олардың тарапынан: “Бізге білікті кадр жетіспейді. Мұнда мүмкіншіліктің жоқтығынан жұмысшыларды Екатеринбургте оқытамыз” дегенді көп естиміз. Барлық жұмысшыларын Екатеринбургке жібергенше, қажетті жағдайды жасап, мамандарды өзіміздегі колледждерде оқытпай ма?

– Аудандарда кәсіпкерлер палатасының филиалдарын ашу қолға алынды ма?

– Қазіргі таңда аудандық филиалдарды құрудамыз. Аудандық газеттерге хабарландыру беріп, ашық конкурс өткіздік. Филиалдарға қажет мамандарға қойылған талап: жұмыс тәжірибесі 4 жылдан кем емес, жоғары білімді және бұрын сотталмаған болуы тиіс. Сондай-ақ біз үміткерлермен әңгімелесу өткіздік. Осыдан кейін филиал директоры қызметіне үміткерлерді таңдап, олар жайлы мәліметті Ұлттық кәсіпкерлік палатасына жібердік. Олар ұйымдастыру кезеңінде директорларға дейін бекітеді. Себебі, аудандық деңгейдегі жұмысқа зор көңіл бөлінуде. Жоспар бойынша ендігі жылдан бастап аудандық филиалдар толыққанды жұмыс істеуі қажет. Десек те, қазірдің өзінде филиал директорларына үміткерлерге кәсіпкерлермен кездесіп, туындаған мәселелерді біліп, бізге айтып отырыңдар дедік. Себебі, ендігі жылға арналған өзіміздің стратегиялық жоспарымызды жасаудамыз.

– Бүгінгі таңда отандық кәсіпкерлердің алдында қандай мәселелер туындауда?

– Отандық тауар өндірушілер тарапынан Ұлттық компанияларға шағым көп айтылады. Мәселен, бізде электр оқшаулағыш материал шығарылады. Ал “Қазақстан темір жолы” АҚ бұл өнімдерді шетелдік компаниялардан сатып алады. Ал мұндай өнімді бізде екі бірдей компания шығарады. Біз осындай мәселеге назар аудармақпыз. Бұл қасақана істелінген бе, әлде, отандық өндірісті қолдамаушылық па? Кейбір ұлттық компаниялар керісінше, біздің тауар өндірушілерге қолдау танытып жатады.

– Сіз міндетті мүшелік жөнінде айтып өттіңіз. Мүшелік жарнаның көлемі қандай?

– Мүшелік жарнаның көлемі ұйымдастыру кезеңінде Үкіметтің тұжырымдамасымен анықталатын болады. Ұлттық палата өз ұсыныстарын әзірлеп, ол енгізілді. 20 желтоқсанға дейін Үкіметтің тұжырымдамасына қол қойылады деп күтілуде. Ендігі жылдан бастап, алдағы 5 жыл бойы мүшелік жарнаны тек ірі және орта кәсіпкерлік төлейтін болады. Қазіргі таңда облыс бойынша қандай бизнес субъектілері мүшелік жарнаны төлейтіндігі нақтылануда. Біздің өңірімізде ірі кәсіпорындар аз. Өңірде шағын бизнес субъектілері көп болғандықтан, бұл біз үшін тиімді. 5 жылдан кейін шағын кәсіпорындар мүшелік жарнаны төлей ме, жоқ па, ол жағы ұйымдастыру кезеңінен өткеннен кейін тағы да талқыланатын болады. Германия, Франция, Австриядағы сауда палаталарында шағын кәсіпкерліктер мүшелік жарна төлейді. Алайда, оның көлемі аз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp