Бейсенбі күні облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда 2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі салалық бағдарламаны жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту бойынша Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарманың Тәртіптік кеңесі қабылдаған шаралар талқыланып, күн тәртібіндегі мәселеге орай М.Жұмабаев және Тайынша аудандық комиссияларының атқарған жұмыстары тыңдалды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”
Осыдан үш жыл бұрын қабылданған бағдарламаның орындалу барысы жайында баяндаған Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департаменттің бастығы Нұрлан Шабдар тек биыл ғана облыс бойынша 62 қылмыс ашылғанын, өсім 27 пайызды құрап отырғанын атап айтты. Осы уақытта сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс жасаған 28 адам әшкереленген, оның біреуі – аудан әкімінің орынбасары, екеуі – ауылдық округтің әкімі, 14-і – әкімдіктің және оның құрылымдарының қызметкерлері, екеуі – ішкі істер органының қызметкерлері, екеуі – қылмыстық-түзеу жүйесінің қызметкерлері, біреуі – мемлекеттік экологиялық инспектор, үшеуі – ұлттық компаниялардың қызметкерлері, үшеуі – басқа тұлғалар.
Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті түрі – пара алу. Осы санатта 14 қылмыстық іс қозғалған, оның 6-уы – мемлекеттік орган қызметкерлерінің пара алуы, 8-і – пара беру оқиғасы бойынша. Осы жайында айта келіп, Нұрлан Амангелдіұлы пара алуға байланысты қозғалған қылмыстық істерге нақты мысалдар келтірді.
Департамент бастығының айтуына қарағанда, 2012 жылы 23 тамызда Үкімет қаулысымен жемқорлық қылмыс фактілері туралы хабарлаған немесе басқа жолмен сыбайлас жемқорлықты ашуға көмектескен тұлғаларды ынталандыру ережесі бекітілген, соған орай 2 солтүстікқазақстандық республикалық бюджеттен бөлінетін сыйақыға ие болған.
Облыс әкімі сыбайлас жемқорлықты жеңу Мемлекет басшысы саясатының басым бағыттарының бірі екендігін атап айтып, оны азайту және алдын алу үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқандығын сұрап, нақты жауап алды.
Облыстық Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарманың басшысы – Тәртіптік кеңестің төрағасы Мұрат Қадырбек биылғы 9 айдың ішінде жеке және заңды тұлғалардан 371 арыз-өтініш келіп түскендігін, оның 71-і мемлекеттік қызметшілердің заңсыз іс-әрекеті екендігін баян етті. Соған орай 12 тексеріс жүргізіліп, 6 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Есепті кезеңде Тәртіптік кеңестің 7 отырысы өткізіліп, онда жергілікті атқарушы және құқық органдарының 63 басшысы мен жауапты тұлғалары тыңдалған. Аталмыш кеңестің ұсынысы және тексерістің қорытындысы бойынша 52 тәртіптік жаза қолданылған, оның 16-сы – ескерту, 9-ы – сөгіс, 8-і – қатаң сөгіс, 12-сі – қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, 7-еуі – қызметтен босату.
Мұрат Болатұлының айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің тапсырмасына орай жоспарлы тексерістердің саны 81 пайызға азайған.
Ведомствоаралық комиссияда М.Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев пен Тайынша ауданының әкімі Серік Салтықов Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі аудандық комиссиялардың жұмысы және жергілікті атқарушы органдардың қолданып жатқан шаралары туралы есеп берді.