«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“С.М. КИРОВ АТЫНДАҒЫ ЗАУЫТ” АҚ-на – 85 жыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық орыс драма театрында С.М.Киров атындағы зауыттың 85 жылдық мерейтойы атап өтілді. Салтанатты жиынға жиналғандарға алдымен кәсіпорынның еңбек шежіресінен сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Мерекелік шараға облыс әкімі Самат Ескендіров қатысып, зауыт ұжымына құттықтау сөзін арнады.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Зауыттың осызаманғы тарихы іс жүзінде оңалту рәсімдері жүргізілгеннен кейін, 2003 жылы басталды. Осы уақыт ішінде өндірістің жылдық көлемі 70 еседен астам көбейді және 9 млрд. теңгеден асты. Кәсіпорынның өнімі өңірдің бет-бейнесі, ал зауыттың өзі сенімді инновациялық дамудың рәмізі, өнеркәсіптік, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың табысты жүзеге асырылуының үлгісі болып табылады. Оны Сіздердің республикалық байқаулардағы қол жеткізген “Алтын сапа”, “Қазақстанның үздік тауары” және “Парыз” аталымдары бойынша алған дипломдарыңыз айғақтайды. Бүгінде С.М.Киров атындағы зауыт ырғақты дамуын, технологияны жетілдіруін, жұмыс тиімділігін арттыруын жалғастыруда. Сіздердің алда бұдан да зор жетістіктерге жете алатындарыңызға сенімдімін, ол өңіріміздің қуатын арттыруға оң ықпалын тигізеді, – деді Самат Сапарбекұлы.

Одан кейін өңір басшысы кәсіпорынның №2 цехының жинақтаушысы Ольга Шмидгайслер мен еңбек ардагері Надежда Крылованы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, заң кеңесшісі Алексей Сафонов пен еңбек ардагері Мурат Бобовты Алғыс хатпен марапаттады.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайымов, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың зауыт ұжымының атына құттықтау хатын оқып, кәсіпорынның техникалық қызметкерлері Юрий Зеленков, Артем Харламов, Павел Кутенков және Сергей Левченкоға министрліктің Құрмет грамоталарын тапсырды.

“Қазинжиниринг” ҰК-нің өкілі Әділғазы Бекенов кәсіпорынның өндірістік және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы толымды табыстарына тоқтала отырып, өздерінің және “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорының атынан кәсіпорынның бір топ еңбек озаттарына Құрмет грамоталарын және салалық төсбелгілерді тапсырды.

Мерекелік шарада сөз сөйлеген “С.М. Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамының бас директоры Марат Әбілмәжінов кәсіпорынның еңбек жолынан әңгіме өрбітіп, қазіргі толымды табыстарына тоқталды. Бүгінде зауытта барлық цехтар қайта құрылымдалып, еңбек өнімділігін еселеп арттыруға қол жеткенін, соның арқасында Қазақстан темір жолына, халық шаруашылығына, қорғаныс қажетіне керекті күрделі техникалық қондырғылар шығарылып жатқанын айтты. Одан кейін бас директор бір топ өндіріс үздіктеріне мерекелік сый-сияпаттар тапсырды. Салтанат жиын соңы зауыт еңбеккерлеріне арналған концертке жалғасты.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp