Еліміздің барлық аймақтарында “Елбасы жолы” киноэпопеясының “Отты өзен” және “Теміртау” атты екінші, үшінші тарауларының тұсаукесері өтті. Облыс орталығындағы “Қазақстан” кинотеатрында көрсетілген көркем фильмді көруге асыққандар көп болды. Туындыны облыс әкімі Самат Ескендіров жұртшылықпен бірге тамашалады.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Белгілі драматург Шахмардан Құсайынов пен режиссер Рүстем Әбдіраштың “Балалық шағымның аспаны” фильмінің жалғасы саналатын “Отты өзен”, “Теміртау” көркем фильмдерінің оқиғасы өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы мен алпысыншы жылдардың бас кезін қамтиды.
…Әкесімен бірге бұлақтың көзін ашқан уақыттан бастап, жас Сұлтанның да белсенді өмірі басталады. Тәуекелге бас тігіп, Үшқоңырдың жасыл жайлауынан Теміртаудағы комбинаттың қоймалжың балшығына түскен жас жігіт аянбай еңбектенеді. Содан кейін арман қуып, Украинаға аттанғаны, қиындыққа тап болған замандастарына жанашыр болуы, кең иықты палуандардың өзін жекпе-жекте жеңуі, спортқа деген іңкәрлігі, қатарластарының алды болып, оза шабуы, білімге деген құштарлығы, шетелде жүріп, қазақ намысын қорғауы – бәр-бәрі фильмде шебер көрсетілген.
Елбасының рөлін сомдаған актер Нұрлан Әлімжанов, жас Сара Алпысқызының рөлін сомдаған Мәдина Есманова, Нұржұман Ықтымбаев, Бақытжан Әлпейісов, Жан Байжанбаев, Дәурен Серғазин жасандылық пен жаттандылыққа жол бермей, асқан шеберлікпен ойнап шықты.
Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” ұжымы бір жарым жыл бойы түсірген киноэпопея Елбасының “Бейбітшілік кіндігі”, “Еуразия жүрегінде” кітаптарын пайдалана отырып жазылған.