«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚШАҒА СУДАЙ СВЕТЛАНА – облыстық сайыс жеңімпазы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық тілдерді оқыту орталығы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында дәстүрлі “Тіл – ел бірлігі” байқауын өткізді. Аталмыш іс-шара олимпиада түрінде ұйымдастырылды. Төрт кезеңнен тұратын байқаудың әр айналымында үміткерлердің қатары бірте-бірте сейіліп, соңында қазақ тілін басқаларға қарағанда жетік білетіндер мен ойын жатық жеткізетіндер финалға дейін жетіп, сайыс жеңімпаздары атанды. Олимпиаданың шарты бойынша облыс аумағындағы тілдерді оқыту курстарының мамандары сайысқа өзге ұлт өкілі болып табылатын бір ғана тыңдаушысын қатыстыра алды. Бұл жолы 31 адам өзінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетуге талпынды. Олар – әртүрлі саланың қызметкерлері.

Бірінші айналымда “Қазтест” бағдарламасының 1-ші деңгейі бойынша тыңдау өткізілді. Онда сайыскер тестегі берілген сұрақтардың 60 пайызына жауап берсе ғана, екінші кезеңге жолдама алды. Бұл сынақтан қатысушылардың 22-сі сүрінбей өтіп, келесі “Елтаным” аталатын тапсырманың сұрақтарына жауап беріп, ауызекі сөйлеуде өз деңгейлерін көрсетті. Әрине, бұл айналымда үміткерлердің қаншалықты қазақ тілін білетіндіктері айқындала түсті. Онда конвертке салынған сауалды оқып, бірден жауап беру талабына өзінің шапшаңдығы мен тапқырлығын қосса, қазылар алқасының көңілінен шығары белгілі еді. Бұл сында 11 сайыскер тапқырлық пен білгірлік танытты. Ал үшінші кезеңде үміткерлерге компьютердегі сюжетті суретке қарап, әңгіме құрастыру тапсырмасы берілді. Сурет бойынша 7-10 сөйлем көлемінде дайындықсыз әңгіме құрастыру сынынан өтпей қалған сайыскерлер де болды. Соңғы төртінші айналым “Өнертаным” аталып, онда сайыскерлерге қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларындағы ел бірлігі мен халықтар достығын, қазақстандық патриотизмді насихаттайтын қара сөз, монолог, өлең оқу шарттары белгіленді.  

Қазылар алқасы сайыскердің төрт кезеңде жинаған балдары бойынша “Тіл – ел бірлігі” байқауының жеңімпазы деп Қызылжар ауданынан келген Светлана Августинскаяны таныды. Оның оқытушысы – Нұржан Әскендіров. Ал екінші орынға лайықты үміткер Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қызметкері Мария Чернышова болса, үшінші орын СҚО мамандандырылған Күзет қызметі басқармасының күзетшісі Расита Алхановаға бұйырды. Сондай-ақ үш аталым бойынша ынталандыру сыйлықтары берілді. Анна Панкратова – сөз шебері, Гүлнәр Аплесанова – өнерлі жас, Мария Бутина – көрермендер көзайымы атанды. Сондай-ақ бірінші орын алған сайыскердің ұстазы да құралақан қайтпай, оған диплом мен бағалы сыйлық табыс етілді.

СУРЕТТЕ: жеңімпаз С. Августинская мен оның ұстазы Н. Әскендіров.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp