Сәрсенбінің сәтті күні кешкілік уақытта қызылжарлық спортсүйер қауым темір жол вокзалында кикбокстан өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Азамат Нұрпейісовті қарсы алды. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін айтулы жеңісімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин және спортшының туған-туысқандары құттықтады.
Түркияда өткен байрақты додадан күміс алқамен оралған жерлестің бұл жолғы сайысы басқа сайыстардан ерекше өтті. Бұл додада былғары қолғап шебері 81 килоі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Жерлестерінің көрсеткен сый-құрметіне риза болған жас спортшы өз жеңісін ел Тәуелсіздігінің 22 жылдығына арнағандығын атап айтты.
– Әлем біріншілігінде 69 елден 1100 спортшы қатысып, бақ таластырған. Аталмыш доданың қорытындысы бойынша кикбоксингтен ел құрама командасы өз тарихында алғашқы рет жалпыкомандалық екінші орынға табан тіреді. Алты спортшы қарсыластарын жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алған. Нәтижесінде ел құрамасының қоржынында төрт алтын, екі күміс және төрт қола бар, – дейді кикбоксинг бойынша облыстың бас жаттықтырушысы Әділ Нұржауыпов.
Азаматтың салмақ дәрежесінде жалпы 25 кикбоксшы бағын сынаған. Сөйтіп, шаршы алаңда бес кездесу өткізген солтүстікқазақстандық төртеуінде жеңіске жеткен.
– Мен өзіме жүктелген үмітті ақтауға тырыстым. Алдағы уақытта еліме абыроймен қызмет етіп, әлемдік спорт ареналарында Қазақстанның даңқын шығару мүмкіндігіне ие екендігіме қуаныштымын, – деген сайыс жүлдегері , алдағы додаларда жеңіске жету жолында аянбай тер төгетіндігін жеткізді.
Азамат Нұрпейісов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан кубогының көп дүркін жеңімпазы және иегері, 2012 жылғы Азия чемпионы, Италияда өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.