Тәуелсіздіктің 22 жылдығына орай Петропавл қалалық Мәдениет үйінде өңірімізде тұңғыш рет “Сайра, домбыра!” атты халық әндерінің кеші өтті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақ мектеп-гимназиясындағы “Өнер орталығының” жетекшісі Дәмеш Құрманкинаның бастамасымен қолға алынған шараға қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау білдірген. Кешті Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Біржан Жалғасбаев жүргізді.
Қазақтың ақын-сазгерлерінің шығармашылығында айшықталған келелі ойлар мен рухани құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған шығармашылық шара барысында Ақан сері, Жаяу Мұса, Сегіз сері сияқты ән дүлдүлдерінің әндері нақышына келтіріп орындалды.
Шараның шымылдығын С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі, әнші, республикалық термешілер байқауының жүлдегері Кенжекей Ақжолова ашты.
Бұл күні киелі сахна төрінде 19 халық әні шырқалды. Олардың бәрін де қызылжарлық көрермендер жылы қабылдап, қошемет көрсетіп отырды. Халық жүрегінен орын алған “Қоғалы-ай”, “Біздің ағай тамаша”, “Ой жайлау”, “Ақ ерке”, “Бурылтай”, “Құманай”, “Ақсиса”, “Еркем-ай”, “Айкен-ай” әндерін нақышына келтіре шырқаған мектеп оқушылары Гүлжан Сәдуақасова, Диас Серікбай, Ақмерей Әділбаева, Алтынбек Әнуәрбек, Мадина Ғабдуллина, Қайсар Кеңесов халық әндерін сағынып келген қала тұрғындарын қуанышқа бөледі. Ал қазақ-түрік лицейінің 11-ші және 8-ші сынып оқушылары Жандос Ахметов пен Алмас Тұтқышев “Еңбек туралы” термесі мен “Қазақ осы” халық әнін жоғары деңгейде орындап, концерттің әсерлі өтуіне ерекше ұйытқы болса, “Өнер орталығының” тәрбиеленушілері де өнерлі жастар екендігін таныта білді.
Ал облысымызға танымал термеші, өңіріміздің ән-терме саласының дамуына үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі – Амангелді Рамазанов термешілік өнерімен көпті өзіне қаратты. Халық әні кеші барысында көрермендер арасынан сахнаға арнайы шақыртып алынған әнші, орындаушы, термеші, сазгер Дәстен Баймұқанов өз қаламынан туған “Абай бол” әнін, ал қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Таңат Бейсембаев “Әнші дауысы” атты халық әнін орындап, тыңдаушыларды бір серпілтіп тастады.
Кеш бойы ұлттық туындыларды тыңдап, құлақ құрышын қандырған көрермен қауым орындаушылардан қошеметтерін аяған жоқ.
Көрермендердің ұлттық өнерге деген шөлін басқан кеш “Өнер орталығы” мүшелерінің орындауындағы “Еркем-ай” әнімен аяқталды. Шара соңында барлық орындаушыларға алғысын білдірген Дәмеш Сапарқызы аталмыш шара алдағы уақытта өз жалғасын табатындығына сенімін білдірді.
Ал қалалық Мәдениет үйі ұжымы жас өнерпаздарға естелік сыйлықтарын табыстады.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.