Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында “Іргелі елді бірге жасайық!” атты өңірлік жастар форумы өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысты.
Облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан жастарды мерекемен құттықтаған Фархад Шаймұратұлы:
– Кез келген мемлекеттің дамуын жастардың қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Себебі, жастардың жеңісі – мемлекеттің жеңісі. Елбасымыздың қолға алған бастамалардың басықасында жүретін де жастар. Біз қазақстандық жастардың қай кезде болмасын жоғары зияткерлік деңгейде көрініп, қол жеткізген жетістіктерін мақтанышпен айта аламыз, – деді.
Форум аясында ең үздік 8 аталым бойынша үздіктер анықталып, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, “Ең жас спортшы” аталымына грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем біріншілігінің, жасөспірімдер арасындағы Олимпиадалық ойындардың жүлдегері Ақан Баймағамбетов, “Ең жас дарын” аталымына өнер колледжінің студенті, қобызшылардың республикалық конкурсының 1 дәрежелі лауреаты Фариза Амантаева ие болса, “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің директоры Ақжан Кәрім қоғамдағы мүгедектер интеграциясы бойынша “Мы такие же, как все” жастар әлеуметтік жобасы үшін “Ең үздік жастар әлеуметтік жобасы” аталымына лайық деп танылды.
Мерекелік кеш облысымыздың таңдаулы өнер ұжымдары мен әншілерінің концертіне ұласты.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.