Кеше бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың XXIII сессиясы өтіп, оған облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы баяндама жасаған СҚО Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Өтеуленова бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы көрсеткіштерге ие екенін айтты. 2013 жылдың қорытындысы осыны көрсетіп отыр. Мәселен, өңірлік жалпы өнім өсімі осы жылдың 9 айының ішінде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,3 пайызға артып, 263 млрд. теңгені құраған.
Ал алдағы жылы облыс бюджетінің болжамды көлемі 87 миллиард 019 миллион теңге (күтілетін мақсатты трансферттерді есептемегенде) болмақ. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 30 млрд. 556 млн. теңгенің мақсатты трансферттері мен несие бөлінеді. Бюджет жобасын жасаған уақытта барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері барысында айтылған және әр округ депутаттарын толғандырған мәселелер ескерілген. Бюджет қаржысы негізінен әлеуметтік салаға бағытталып, оның облыс бюджетіндегі үлесі 54 пайызды құрап отыр. Білім саласына 32 млрд.182 млн. теңгенің, ал денсаулық сақтау саласына 6 млрд. 122 млн. теңгенің қаражаты бағытталмақ.
Алдағы жылдың бюджетінде ауыл шаруашылығын дамытуға, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге және ұстауға да басымдық беріліп, бұл мақсаттарға жалпы сомасы 20 миллиардтан астам қаржы қарастыру жоспарланған.
Сессияда сөз алған өңір басшысы Самат Ескендіров аяқталуға аз қалған биылғы жыл өңір үшін көңілге қонымды жыл болғанын айтып:
– Өңірдегі басым міндет экономиканың негізгі салаларының тұрақты өсімін және облыс тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ету болып қала бермек. Жыл бойы көптеген игі істер атқарылды. Бүгінде барша солтүстікқазақстандықтарға, барлық еңбеккерлерге, депутаттар мен әкімдерге, кәсіпорын басшыларына еселі еңбектері үшін алғысымды білдіремін, – деді.
СҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбуғалиев 2014 жылдарға арналған қоршаған ортаға эмиссия үшін және жер беті көздерінен су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем ставкалары туралы хабарлама жасады. Аталмыш құжаттар республикалық деңгейде қаралып жатқандықтан, депутаттар оны қабылдауды келесі сессия отырысына қалдырды.
Сессияда облыстық мәслихат депутаттары Василий Мантариди мен Анатолий Рафальский сөз алып, аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.