Құнанбай Жахин 1963 жылы Есіл ауданының Ақтас ауылында дүниеге келген. Өлең жазуға бала күнінен ден қойған оның жырларының, тақырыптарының аясы кең. Жаттандылықтан ада өлеңдерінде өзіндік ізденісі сезіледі. Бүгінде ол облыс орталығында тұрады.
Құнанбай бірқатар облыстық мүшайраларға да үн қосып, бақ сынаған көрінеді.
Аталары Айыртау ауданындағы Бірлестік төңірегінде белгілі ақындар, термешілер, өнер қонған адамдар болған екен. Соның әсері де шығар, Құнанбайдың өзі сияқты бауырлары Зәуреш пен Роза, қызы Айнұр да өлең жазады.
Құнанбай ЖАХИН.
МЕН – ҚАЗАҚПЫН!
Мен – қазақпын, шыққан тегім ауылдан,
“Қазақ жаман” десе, жаным ауырған.
Көшпендімін, көшіп жүрген көк бұлттай
Намыс десе, мінезім бар аумайтұғын дауылдан.
Мен – қазақпын, арғы тегім түркіден,
Ұлы қорған салып, Қытай, үркіп ең.
Сақшы болып сақтап қалған сақ елін
Тұмар ханым, Дарий басын қырқып ең.
Мен – қазақпын, малы қайтқан өрістен,
Мал садаға, жан аман боп көріскен.
Атам қазақ жаны жайсаң даладай
Қысылғанмен, бір үзім нан бөліскен.
Мен – қазақпын, тараймын мен Алаштан,
Ел басына күн туғанда қарасқан.
Руларым бар енші алған ұлдардай
Үш жүз болып бірлігімен жарасқан.
Мен – қазақпын, мінезім бар салмақты,
Жауынгермін өткізбеген қалмақты.
Отан үшін отқа түсіп бабалар
Басқа жерге басқыншылап бармапты.
Мен – қазақпын, салт-дәстүрді сақтаған,
Тәрбие қып, иман сөзін жаттаған.
Бүркітші боп аңға шығып тазымен,
Бәйге үшін сәйгүлігін баптаған.
Мен – қазақпын, дала – менің жырауым,
Ақын болып сондықтан сөз құрауым.
Шежіремін дастаны боп сақталған
Берер ертең болашақтың сұрауын.
Тілім менің – бойтұмарым, шырағым,
Жауап дайын, болса егер сұрағың.
Ата-бабам мұра етіп қалдырған
Осы жерде мәңгілікке тұрағым.
ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР МОНОЛОГЫ
Тор ішінде отырмын мен,
Зынданның дәл төрінде.
Алыс менен дүние кең
Қамау тағдыр көрінде.
Тамылжытып ән салмайды,
Бұлбұл торға түскенде.
Ұзақ өмір сүре алмайды
Пышақсыз қанын ішкенде.
Бір бөлмеде жалғыз өзім,
Төрт қабырға – серігім
Көр соқырдай жабық көзім
Қош, бостандық, ерігім!
Бұл жалғанда жалғыз мен бе
Әділдікті іздеген?
Жала сөзге, анам, сенбе,
Біздей жандар жүздеген.
Өтірік пен қара күйе
Жақтың бізге, зұлымдар!
Ағашқа бірде, бұтаққа тие
Өтірікті шындай ұрдыңдар.
Жол бергенше құр ашуға,
Қайғыға бос бағынып.
Бел байладым мен қашуға
Бостандықты сағынып.
ТУҒАН КҮН
Бұл өмірді шым-шытырық жол дейді,
Қызығы мен қиындығы мол дейді.
Шаршағанда аздап демді алатын
Туған күнің – аялдамаң сол дейді.
Аялдайсың, аздап артқа қарайсың,
Жүрген жолың жаман емес, жарайсың.
Басым болса арқадағы ауыр жүк
Ер жігіттік парызым деп санайсың.
Балбыраған балалық шақ – көктемде,
Күлкісімен күмбірлетіп өткенде,
Балапандай қанаттанып ұяда,
Ата-ана мейірімін төккенде.
Жалындаған жаздай өтті жастығым,
Ес білгеннен намыс болды басты ұғым.
Абыройды ысырапсыз сақтайсың,
Диқандайын күзде жиған астығын.
Кеткенінде туған жерден тым жырақ,
Көкейіңді мазалайды-ау мың сұрақ.
Тәуекелмен алға қадам басасың,
Жағып алып үмітіңнен шамшырақ.
Үміт оты алға қарай жетелеп,
Біреу келер тура жолмен төтелеп.
Енді бірі сабыр сақтап келеді
Ұзақ жолдың соқпағымен жекелеп.
ЕСКІ АЛЬБОМ
Түрегеп үстел үстінен,
Дәм татқасын таңғы астан,
Сөреге көзім түсті кеп
Ескі альбомға шаң басқан.
Тарихтың көне беттерін
Сақтаған сары мұқаба.
Уақыт мүжіп шеттерін
Жұқара түскен мұқала.
Альбомды алып қолыма,
Қараймын қайта тексеріп.
Келместің кеткен жолына
Жеткізер мені жолсерік.
ӨМІР ӨТКЕЛІНДЕ
Жүріп келем жұмыр жерді жағалап,
Әрбір күннің атқан таңын бағалап.
Күні кеше “Інішек” десе үлкендер
Міне, бүгін кішілер жүр “Ағалап”.
Жандар болды жүрегім шын сыйлаған,
Кіші демей, көрсететін сый маған.
Кішіпейіл жандар болды жанымда
Бар байлығын жүрегіне жинаған.
Есімдегі өткендердің көбі елес,
Жақсы жандар жанымдағы көп емес.
Тіршілікті кіршігінен тазалап,
Әрбір күнім – арымменен төбелес.
Дәмін татпай әзәзілдің сыйынан,
Абыройды сақтап қалу қиыннан.
Адам болып қалу керек, алдымен,
Сол үшін де бір Аллаға сыйынам.
ҚАРАШАДА
Қара күз өтті жылаған,
Ақ қайың қалды жалаңаш.
Жапырағы жерге құлаған
Көктерек тұр жалаңбас.
Қайың мен терек мәуелі,
Билейді күздің тангосын.
Қара жел шырқап әуенін
Қара күз басқан таңбасын.
Бояуы кетіп қуарған,
Қараша өтті желдетіп.
Жылайды күзгі ну орман
Бос қалған ұя тербетіп.
Тұлпарды ерттеп айғырдан,
Бүркітші дайын сонарға.
Шулайды қамыс қайғырған
Шаққандай мұңын томарға.
Аз тұрып көкте күн көзі,
Асығыс барып батқан-ды.
Аймалап Айды түн өзі
Жұлдызды көрпе жапқан-ды.
ҚЫСПЕН ҚОШТАСУ
Мазалап, достым, сені мұңданамын,
Маған керек өзіңнің тыңдағаның.
Көктемнің өкпек желі өкпеге өтіп,
Суығы еседі теріскейлі мұз даланың.
Жазғандай өзіме-өзім мінездеме,
Бойымнан басқадай сен мін іздеме.
Мен-дағы қаңтарда туылған ем
Сондықтан өзім барда іні іздеме.
Көктемде өктемдеп суытқаның,
Қақаған қытымыр қыс – туысқаным.
Боранға бала күннен бауыр бастым
Қаңтардың аязындай суық қаным.
Ақпанда аязыңмен қысып едің,
Ақ боранды аямай, қысым менің.
Түнімен түтетіп жентектетіп
Түске қарай басылатын қызық едің.
Қаһарлы қыс, құрдасымдай сыр ақтардым,
Теріскейде сен ұзақ тұрақтадың.
Құдадай қонақтадың ақ көрпеде
Келмей ме қош айтысып жырақтағың?
Бар, достым, суық жаққа, мекеніңе,
Ит жеккен шананың жетегіне.
Сырымды айтып, бойыңды жылытайын
Ой салып жүрегіңнің мұз екеніне.
ӨЛЕҢ ЖАЗАМ
Жазушы да, жорналшы да емеспін,
Керемет бір ақынмын да демеспін.
Теңізге кеп буырқанған сәтінде
Шешендігін шыңдағандай Демосфен.
Бала күннен ақын болып тумаппын,
Өсе келе басын құрап шумақтың.
Өлең жазып өткен-кеткен өмірден
Өзгелердей атақ-даңқ қумаппын.
Өлең жазам шабыттанған сәттерде,
Кей өлеңім жазылмапты-ау, әттең де.
Ұмыт қалды түнгі қонақ – өлеңдер
Пенделікте ұйқы неткен тәтті ең де!
Болмасам да атақты да көрнекті,
Өлең жазам өзіме тән өрнекті.
Қалам алып, ақ қағазға сыр жазам,
Сол сырларым жыр боп жарық көрмепті.
Ақындықтың аппақ жолын аттағам,
Сөз сабақтап шумақ қылып баптағам.
Анашымның ақ сүтінен нәр алып,
Қазағымның қара сөзін саптағам.
Тәңір берген өнерімді тыға алмай,
Өтемін бе заман мені ұға алмай?!
Шабытымнан шуақ шашқан шақтарда
Тек қаламым, жаза берші мұқалмай.
Келші, достым, бері қарай жақын кеп,
Танымайды мені ешкім ақын деп.
Жайдақ мініп шабыт деген пыраққа
Желіп қайтсақ, шаршамасын тақым тек.
ОЙНА, ДОМБЫРА
Ойна, ойна, күміс көмей домбыра,
Тамаша бір ғажап ойға шомдыра.
Былқылдатшы балбыраған күйіңді,
Балқытып ап бақыт құсын қондыра.
Ойна, ойна, күмбірлеген домбыра,
Қазағыма құны жетпес мол мұра.
Сиқырлашы сыңғырлаған сазыңмен
Әдемілік сезіміне толтыра.
Ойна, ойна, желді артқа қалдыра,
Тұлпарлардың тұяқтарын талдыра.
Делебесін қоздыратын даланың
Жеткізбейтін желдірмеге салдыра.
Азаттықтың босатып ап белдігін,
Қыл үстінде тұрған кезде елдігім,
Еңіреп бір мұңайғанда кең дала
Күңіреніп домбыраға келді мұң.
Екі ішекте аққан қазақ қаның бар,
Нағыз қазақ сол домбыра, таныңдар.
Жүрегінде дүбірі бар даланың
Мәңгі-бақи өлмейтұғын жаның бар.
Ойна, ойна, дүбірлеген домбыра,
Дұшпаныңды қалтыратып, тоңдыра.
Сөйлеп тұрған қазағымның тілі бар,
Болашаққа қалатын да сол мұра.