Биылғы Тәуелсіздік мерекесінде бір топ қызылжарлықтар көптен күткен баспаналарының кілттеріне ие болды. Облыс орталығында жаңадан салынған 55 пәтерлік ипотекалық тұрғын үйдің кілтін өңір басшысы Самат Ескендіров табыстады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– “Қазақстан – 2050″ Стратегиясы” – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” деген тақырыптағы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Үкімет алдына қойған міндеттерінің бірі – барлық азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімді және сапалы болуы. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020″ мемлекеттік бағдарламасының аясында облыс бойынша 65,7 мың шаршы метрді құрайтын 594 пәтер қолданысқа берілді. 2013 жылы 113,2 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді беру жоспарланған. Қаламыздың көркеюіне жаңадан бой көтеріп келе жатқан “Жас өркен” және “Береке” ықшам аудандары үлес қосып келеді. Бұл үйде 55 отбасы қоныс тойын тойламақ. Сапалы әрі әдемі баспананы салған “Петрострой-Люкс” ЖШС-іне алғыс білдіреміз. Бұл пәтерлер жайлы, ыңғайлы болатынына сенімім мол, – деген өңір басшысы қоныс той иелеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында бой көтерген аталмыш үй Победа көшесінің бойында орналасқан. Құрылысы өткен жылы басталған бұл үйдің бас мердігері «Петрострой-Люкс» ЖШС болып табылады. Бұл күні барлығы 130 отбасы қоныстой тойлады.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.