«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ ТОЙЫНДА марапатталғандардың дені – ауыл еңбеккерлері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен сенбі күні Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында салтанатты шара болды. Онда облыс әкімі Самат Ескендіров солтүстікқазақстандықтарды ел өміріндегі тарихи маңызы зор мерекемен құттықтап, түрлі сала өкілдерін марапаттады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Салтанатты түрде еліміздің Мемлекеттік Туы енгізілгеннен кейін оң қолымызды жүрегімізге қойып, Гимнді шырқадық. Осыдан кейін өңір басшысы Самат Ескендіров:

– Тәуелсіздіктің әр жылы – жаңа Қазақстанның тарихындағы тұтас дәуір. Осы уақытта біз жеңіл жолдармен өткен жоқпыз. Қиындықты, түрлі жағдайларды бастан өткердік. Осының бәрі халқымыз ұзақ жылдардан бері аңсаған Тәуелсіздікке жеткізді. Дүниежүзі тарихында ешбір мемлекет азаттығының алғашқы жиырма жылында осынша қарқынды өрлеу үлгісін көрсете алған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы және жүйелі саясатының, мықты саяси жігерінің арқасында барлық қиындықтарды лайықты еңсеріп қана қоймай, аз уақыттың ішінде көптеген табыстарға жеттік, – деді құттықтау сөзінде. Сондай-ақ облыс әкімі өткен 22 жылдың ішінде елімізде, өңірімізде орын алған оң өзгерістерге тоқталды. Мәселен, өткен 3 жылдың ішінде өңіріміздің экономикасының өсу қарқыны 111 пайызды құраған. Индустрияландыру картасына құны 40 миллиард теңгеден асатын 30 инвестициялық жоба енген. Бұл нысандар 2 мыңдай адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, этностар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар солтүстікқазақстандықтар “Құрмет” орденімен, “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат” медальдарымен, Құрмет грамотасымен марапатталды. Тәуелсіздік күні мерекесінде еңбегі еленген жерлестеріміздің дені – ауыл еңбеккерлері. Олардың қатарында Есіл ауданындағы “Заградовское” ЖШС-нің малшысы Қанатбек Қасенов те бар. 46 жастағы азамат мемлекеттік жоғары награда – “Құрмет” орденіне ие болды. Ол өмір бойы мал шаруашылығы саласында еңбек етіпті, тракторшы да болған. Соңғы 5 жылдан бері мал бағады.

Салтанатты шара барысында “Қазақстан кәрістері қауымдастығы” ҚБ филиалының жетекшісі Евгений Хан, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Анастасия Сафронова елдегі этносаралық бірлікті нығайтуда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, жастар Қазақстанның Тәуелсіздігін болашақта да баянды ету үшін білімге ден қойып, аға буын тарапынан зор сенімге лайық екендігін айтты.

Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Онда өңіріміздің белгілі өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp