«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАРДЫ ЖАТТЫҚТЫРА ЖҮРІП, талай сайыста топ жарған Төлеген – өңір мақтанышы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Төлеген Жетпісбаев – жиырма сегіз жасында Талдықорған қаласында қазақ күресінен өткен Қазақстан кубогында 70 кило салмақта жеңіске жетіп, облыс тарихында алғашқы кубок иегері атанған балуан. Сайыста жанкүйерлердің айызын қандырған жас спортшы қазақ күресінен спорт шебері және белдесуден Қазақстан чемпионы. Төлегеннің осы жетістігі жайында естіген соң оның жаттықтырушысы – облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдер күрес спорт мектебінің директоры Ғалым Өркешовпен телефон арқылы хабарласқан едік.

– Ғалым Сағдатұлы, шәкіртіңіздің абыройлы жеңісі құтты болсын! Оқырмандар үшін Төлеген жайында аз-кем мағлұмат берсеңіз.  

– Рақмет! Төлеген – Жамбыл ауданының тумасы. Спортқа деген әуестігі мектепте оқып жүрген кезінде басталған. Бастапқыда еркін күреспен, ал кейін менің қарамағымда жүріп, қазақ күресінің қыр-сырына қанықты.

– Сіздің ойыңызша, Төлегеннің таңдауы неліктен басқа спорт түріне емес, қазақ күресіне түскен?

– Ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып жүргенімде ол өмірін спортпен байланыстыруды түбегейлі шешіп, күрес үйірмесіне жазылған еді. Бірақ ауылда құм кешіп жүрген жастардың дарынын ашатын білікті бапкерлер аз. Сондықтан жастар мектепті тамамдаған соң облыс орталығына жол тартып, білікті бапкерлерді сол жақтан іздеу қажеттігін түсінетін. Шәкіртім мектепті бітірген соң Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан кәсіби педагогикалық колледжіндегі дене шынықтыру факультетінің табалдырығын аттады. Ол жақта да спорттан қол үзген жоқ. Сөйтіп, білікті жаттықтырушыларының дәрісімен күрестің әдіс-тәсілдеріне қанығып, жаттығу залында тер төкті. Оқуын аяқтап, бір маман иесі атанған соң Төлеген Ақмола облысындағы Көкше академиясында сырттай оқуын жалғастырды. Көкшетау қаласындағы оқуын аяқтаған жас спортшының жолы Астана қаласына түсіп, ол жақта үш жыл өздігінен жаттыққан.

– Тәрбиеленушіңіз сырт жақта жүрген кезде онымен хабарласып отырдыңыздар ма?

– Әрине, өзімнің оқушым болған соң қолымды үзбей, хабарласып, көзімнен таса қылған жоқпын. Ал осыдан екі жыл бұрын өзім басшылық ететін облыстық балалар мен жасөспірімдер күрес спорт мектебіне жаттықтырушы қызметіне шақырып алдым. Мұның да мәнісі бар. Себебі, білім ордамыз – өңіріміздегі осы бағыттағы іргелі, озық оқу орындарының бірі. Мұнда балалардың оқуына, жаттығуына, тұрмысына, тамақтануына қолайлы жағдай жасалған. Осы балалардан мықты спортшы дайындау үшін білікті бапкерлер керек. Ал Төлеген – осындай жаттықтырушылардың бірі. Талдықорған қаласында өткен ел кубогында Төлегенмен бірге тағы төрт шәкіртім өңір намысын қорғады. Шаршы алаңда 60 кило салмақта Айдар Дүйсембаев, 80 кило салмақта Абзал Ғабдуллин мен Алтынбек Аусағитов және 90 кило салмақта Дәурен Есләмов белдесті. Өкінішке қарай, тек Төлегеннің бағы жанып, жеңістің биік тұғырына көтерілді.

– Төлегеннің бойында балуандарға тән қандай қасиет бар?

– Төлеген – өте мінезді спортшы. Өте еңбекқор спортшылардың бірі. Әрі айтқаныңды нақты орындап, берген кеңесіңе құлақ түреді. Сөзіне де тұрақты. Артық қылығы жоқ. Бойынан спортқа деген құштарлығы, жауапкершілігі анық сезіледі. Ертеңгі байрақты бәсекеде өзінің азды-көпті жиған тәжірибесін, айла-әдісін тиісінше көрсете білсе, жеңіс тұғырынан көрінуіне мүмкіндігі бар. Жас талантты жанкүйер қауым алдағы әлем біріншілігінде биіктен көретін шығар. Көпшіліктің тілеуі де осы. Өйткені, олар Төлегеннің қарсыласынан қаймықпай, бетпе-бет келіп, ширақ қимылдайтын балуан екендігін танып білген еді.

– Төлегеннің соңғы уақытқа дейін спортта бағындырған белестері жайында айтып өтсеңіз.

– Ең алдымен, қалалық және облыстық додаларда жүлдегерлер санатына енсе, кейін жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Боз кілемде ширақ қимыл жасаудың құпияларын зерделеп, бапкерлерінің айтқандарын құлағына құйып, орындай білген шәкіртім Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жүлдегері, ел кубогының иегері атанды. Талмай маңдай терін төккен Төлеген бүгінгі таңда қазақ күресінен спорт шебері, белбеу күресінен ҚР біріншілігінің жеңімпазы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері. Бір атап өтерлігі, Төлеген – белбеу күресінен облысымыздағы алғашқы спорт шебері. Ал Талдықорғандағы дүбірлі додадан бұрын ол Семей қаласында Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі жолындағы халықаралық турнирден күміс медаль еншілеп қайтқан болатын. Бұл да спорттық мансаптағы игі жетістіктердің бірі деп санаймын.

– Жалпы шәкіртіңіздің алдағы байрақты додаларда жеңіске жететіне сенімдісіз бе?

– Егер бабы мен бағы қатар шапса, көздеген межеге жетеді деп есептеймін. Бастысы, Төлегеннің жеңіске деген құлшынысы зор. Осы мақсатта шәкіртім аянбай тер төгіп, жаттығуын үзген жоқ. Жаттығу залында өткен талай жылдар бойғы маңдай тердің өтеуі – өз еліңнің туы астында бірер минут қана тұғырда тұру. Спорттан бағын табамын деп бел буған барша жанның жалғыз арманы осы.

Ендігі кезекте жаттықтырушы ретінде табысты еңбек етіп жүрген Төлегеннің мақсаты – аталмыш бәсекелі сында жақсы нәтиже көрсету. Себебі, мұның бәрі алдағы бәсі биік сайыстарға апарар жолдың баспалдағы болмақ. Құдай қаласа, жиырма сегіз жасқа енді аяқ басқан Төлегеннің жұлдызы әлі жанатындығына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp