«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ? (Түрік ертегісі)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жас достар, газетіміздің “Балалар әлемі” қосымшасынан бұған дейін де әлем халықтарының тәлім-тәрбие берер талай ертегілерін оқып келдіңіздер. Біз сол дәстүрімізді жалғастыра отырып, енді “Әлем халықтарының ертегілері” деген жаңа айдар ашып, соның аясында еліміздегі ынтымағы жарасқан ұлт пен ұлыстардың ертегілері, ғибратты әңгімелерін жариялап отыруды жөн көрдік. Егер де балалар сондай ертегілердің бірін өздеріңіз де білсеңіздер, газетімізге жолдаңыздар. Бірлесе оқиық. Бұл жолы сіздерге түрік халқының ертегісін ұсынып отырмыз.

Ертеде бір бозбала болыпты. Ол өзінің кедейлігін айтып, үнемі мұңаяды екен.  

– О-ой, шіркін-ай, егер менің мол байлығым болса, өмірім де жақсы болар еді. Онда бақытты болып, қызық дәурен сүрер едім! – деп армандайды екен.

 Күндердің бір күнінде оның үйінің жанынан өтіп бара жатқан тас қалаушы бір шебер бозбаланың сөзін естіп қалады. Қасына барып:

– Сен неге соншама қайғыра бересің? Сенің мол байлығың бар ғой, мұңая берме, – дейді.  

– Менің байлығым бар дейсіз бе? – деп бозбала таңғалады. – Қайда ол байлық? Қандай байлықты айтып тұрсыз өзіңіз? – дейді.

– Сенің баға жетпес байлығың айналаңды анық көретін мына көздерің, – дейді қария. – Бір көзіңді қанша ақшаға сатар едің? Немесе ақысына басқа не сұрайсың? – дейді шебер.

– Не айтып тұрсыз? – деп бозбала шошып кетеді. – Мен көзімді ешқандай ақшаға да, басқа қымбат дүниеге де бермеймін.  

– Жарайды, – дейді тас қалаушы. – Онда қолдарыңды кесіп сат. Ақысына көп алтын аласың.

– Жо-о-оқ! Жоқ! Мен қолдарымды да ешқандай алтынға бермеймін, – дейді бозбала безілдеп.

– Е, балам менің ойымды енді өзің де түсінген шығарсың, – дейді тас қалаушы шебер қария. – Сен өте бай, нағыз бақытты адамсың. Қайғыра берме. Көпті көрген мен сияқты қарттың сөзіне сен. Адамның ең зор байлығы – денінің саулығы. Денсаулығының арқасындағы күші, қайраты. Денсаулықты ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың. Дені сау адам – ең бақытты адам! – деп, қария бара жатқан жолымен әрі қарай жүріп кетті…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp