Қошан ҚАЛИ,
“СолтүстікҚазақстан”.
“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында аталған партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңесінің және Экономикалық қылмысқа және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің 2011-2020 жылдарға арналған ҚР “Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы орындалуын “Азаматтық бақылау” бірлескен акциясының қорытындылары туралы” баспасөз мәслихаты болып өтті.
Баспасөз мәслихатында алдымен “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Сайран Хамзин сөз алып, бүгінгі күні осы маңызды бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды. Ашығын айту керек, облысымыздың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс саласында қалыптасқан жағдай көңіл көншітпейді. Қаржы полициясының деректеріне қарағанда, 2012 жылы құрылыс саласында және ТКШ-ның жаңғырту бағдарламасын іске асыруда 13 жемқорлық қылмыс анықталған. Ал үстіміздегі жылы 14 қылмысқа жол берілген.
Қазіргі уақытта ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы бойынша қалада 15 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Осы нысандарда жүргізіліп жатқан жұмыс партиялықтардың бақылауына алынған. Мониторинг бойынша 7 партиялық бақылау бекеті жұмыс істеуде.
Тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарының жүрдім-бардым жүргізіліп жатқанын мынадан-ақ көруге болады. Мәселен, бүгінгі күні Мир көшесіндегі, 229, Шухов көшесіндегі, 28, 30, Медведев көшесіндегі, 4, Батыр Баян көшесіндегі, 61-үйде жүргізіліп жатқан жұмыс тоқтап тұр. Не себепті екені бұл жерде түсінікті жайт. Ал Ахременко көшесі, 4, Сәтбаев көшесі, 42, Жұмабаев көшесі, 121 және Мир көшесі, 288-үйлерге күрделі жөндеу жасалған. Бірақ жасалған деген аты ғана. Жұмысқа жауапты мердігерлер оны қалай болса солай жүргізген. Сондықтан да небір ақауларға жол берілген. Бірақ осынау келеңсіздікке қарамастан, соған жауапты адамдар соларды қалпына келтіруге әлі күнге дейін мойын бұрар емес.
Облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Нұрлан Жахин де ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын орындау барысына орай атқарылып жатқан жұмыстарда немкеттілік орын алғандығына тоқталды. Мәселен, Петропавл қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің және “Солтүстік” басқарушы компаниясы” ЖШС-і лауазымды тұлғаларына қатысты үстіміздегі жылдың 9 желтоқсанында ҚР Қылмыстық кодексінің 314-бабы, яғни қызметтегі жалғандық бойынша қылмыстық іс қозғалған. Олар істелмеген істі тындырылған есебінде актіге қолдарын қойған. Сөйтіп мемлекеттің 1,7 миллион теңге қаржысын шығындаған.