Өз ойларын, арман-тілектерін қағаз бетіне түрлі түстермен салуды ұнататын ұл-қыздар үшін “Солтүстік Қазақстан” газеті Вееline Қазақстанмен бірлесе байқау ұйымдастырды. Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауға Отан, туған жер, ел, бейбітшілік, бірлік тақырыптарын қамтыған суреттер редакциямызға келіп түсті. Мектеп жасындағы балалар қатысқан байқауға 20-дан астам үміткер өзара бақ сынасып, редакциямызға 30-ға жуық сурет жолдады.
Өңіріміздің алыс-жақын аймақтарынан келіп түскен суреттердің әрбіреуінің тақырыбы қызықты. Әсіресе, Есіл ауданындағы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 орта мектеп жанындағы интернаттың тәрбиеленушілерінің жіберген суреттері тәлімді. Өз ойларын, арман-тілектерін қағаз бетіне салып, олар туған жері мен Отанына деген сүйіспеншіліктерін жеткізуге тырысқан. Байқауға жіберген суреттердің тақырыптары сан қилы. “Жайлау”, “Бурабай”, “Ауылым”, “Бақытты балалық шақ”, “Күз”, “Бәйтерек”, “Қазақ биі”, “Менің Қазақстаным!” және тағы басқа. Әрбіреуіне үңіле қараған көрермен суреттердің ішінен балалардың қиялын, өмірге деген махаббатын көруге болады. Атап айтар болсақ, Аяған Шәжімбаев атындағы №3 орта мектеп жанындағы интернаттың оқушылары Данагүл Шоқан, Елдана Шоқан, Айбек Еслямғази, Мерей Садық, Алина Абенова, Нариман Абенов, Зарина Елубаева. Ақжар ауданындағы Қали Хадесұлы атындағы Жаңаауыл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Сағынгүл Мұхамеджан да сайысқа бір емес, бірнеше сурет жіберген екен. Сағынгүл сияқты он саусағынан өнер тамған суретші қыздар №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары арасынан да табылды. Олар да сайысқа атсалысып, бірнеше суреттерін жолдаған. Мектеп-кешеннің 3-сынып оқушылары Ұлдана Есенжаулова, Камила Нұрланова және 2-сынып оқушылары Сәбина Қалықова мен Кәмила Камалиева Отан тақырыбында қалам сілтеген.
Есіл ауданының тумасы Эльмира Даутова байқауға елімізді мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің бірлігі жайында салған суретін жолдаған. Ол – Покровка орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Айыртаулық Нұрбол Валиахмет те Эльмирадай сурет салуды ұнататын көрінеді. Карасевка орта мектебінің 5-сынып оқушысы Нұрбол Валиахмет “Менің елім” деп атаған суретінде еліміздің тарихында орын алатын айшықты күндер мен оқиғаларды суреттей білген.