Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ.
Жаңалықты жарақты,
Тасқа басып таратты.
Табылады іздесең,
Маржан сөздер қанатты.
(Газет).
Жазда тыныш тұрады,
Қыста маздап шырағы.
Ішкені мен жегені
Желкесінен шығады.
(Пеш).
Қам жемеңіз ол жайды,
Қымтағасын тоңбайды.
Қыста суық аяздан
Бес інісін қорғайды.
(Қолғап).
Қиын деме тасымал,
Иығыңа асып ал.
Білім кенін көтерсең,
Алдыңнан жол ашылар.
(Оқушының сөмкесі).
Қалам алып қолына,
Түстің білім жолына.
Қарап оң мен солыңа,
Азамат боп шығасың,
Осы үйден соңыра.
(Мектеп).