«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨГЕРШІННІҢ ТҮР-ТҮРІ КӨРСЕТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы “Түркістан” ойын-сауық орталығында жергілікті “Қайта өрлеу” әуесқой кептер өсірушілер клубы ұйымдастырған өңіраралық көгершіндер көрмесі өтті.  

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Бейбітшіліктің белгісі – көгершіндердің жер-жерден қыстың қытымыр аязында Петропавл қаласында жиналуы бекер емес. Өңірлік “Қайта өрлеу” әуесқой көгершін өсірушілер клубы бұл іс-шараны Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында арнайы ұйымдастырған.

Көрме өңірімізде 30 жылда тұңғыш рет өткенімен, көрермендерді барынша молынан жинады. Іс-шараның басықасында жүрген әуесқой көгершін өсіруші Виктор Калегановтың айтуынша, мұндай көрменің өңірімізде өтуінің өз себебі бар. Солтүстікқазақстандық кептер өсірушілер әлемде сирек кездесетін “Вольжский ленточный” атауымен белгілі кептердің асылтұқымымен танымал. Кептер өсіру, оның асылтұқымын дамыту ісі өңірімізде бұрыннан бар. Тек жастар арасында ежелгі іске деген қызығушылық жыл санап кеміп барады, дейді Виктор Калеганов. Көрмені өткізудің себебі осында. Жастарды кептер өсіру ісіне баулу бір мақсат болып табылады. Сондықтан да көрмеге облыс орталығының барлық мектептерінен оқушылар шақырылған.  

Көрмеде 50-ден астам көгершіннің тұқымы көрсетілді. Ресей, Қырғызстан және Көкшетау, Семей, Қарағанды, Павлодар, Қостанай мен Астана қалаларынан келген кептер өсірушілер өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, байқауға қатысты. Қазылар алқасына 700-ден астам кептердің арасынан ең үздігін анықтауға тура келді. Кептерлердің сырт келбеті мен тұқымына үлкен мән берілді. Көрмеге ұсынылған әрбір көгершіннің өзіндік сұлулығы бар. Біреуі ақ түсті болса, біреуі қоңыр, тіпті, қара түсті кептерлер де кездесті. Сондықтан да бұл доданың жеңімпаздары бір емес, бірнешеу. Өйткені, олар кептер тұқымдары бойынша сараланды. Ал көрмеге 17-ден астам кептер түрі көрсетілді. Екі күнге созылған іс-шара қызылжарлықтар үшін есте қалары сөзсіз.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp