«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ ҚОРЫН САҚТАУ – БАРШАНЫҢ БОРЫШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың мәжіліс залында “Су: сапа, тапшылық, үнемдеу жолдары” деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш шараға “Наносфера” ЖШС-і, “Экосфера” ҚБ-і және “Экологиялық бастамалар қоры” ҚҚ-ы бастамашылық етіп, мұрындық болды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жиында бірінші болып сөз алған М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры Наталья Белецкая облыстағы су ресурстарының жағдайы туралы баяндады. Онда айтылғандай, облысымызға нәр беріп отырған бірден-бір ағынды су көзі – Есіл өзенінің жылдан-жылға тартылып, тайызданып бара жатқаны алаңдаушылық туғызады. Одан қазір секундына 76 текше метр ғана су ағады, жыл бойы құяр суы 2,5 текше шақырымнан аспайды. Ал өңірдің жерасты суларының қоры 63 текше шақырым болады деп болжанған. Сонда қалған су қорын облыстағы 2328 тұщы сулы көлдер құраса керек. Наталья Белецкая осы жайларды талдап айтып, су қорын сақтау баршаның борышы екенін жеткізді.

Облыстық Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова ауызсу сапасының, әсіресе, ауылдық жерлерде әлі де сын көтермейтінін, көпшілік жерде судың арнайы орнатылған құбырлардан емес, шлангтен алынатынын, өңірдің ондаған елді мекендерінде су құбырлары желісінің заңды иелерінің жоқтығын айта отырып, саладағы көптеген кемшіліктерге байланысты биылғы жылы 31 заңды және жеке тұлғаға айыппұл салынғанын мысал етті.

СҚМУ-дің география және экология кафедрасының меңгерушісі Павел Дмитриев өңірдегі су көздерінің балыққа және басқа да аң-құсқа өте бай екенін айта отырып, оларға жанашырлық таныту үшін алдымен өзен-көлдерді қорғаудың қажеттігін сөз етті. Ал қалалық мәслихаттың депутаты Александр Казанцев облыстағы жерүсті суларының ластанып бара жатқанына назар аударды.

Жиында су шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары Аслан Сатин мен Серік Ысмайылов сөз алып, өз шаруашылықтарында жүргізілген жүйелерді жаңғырту және техникалық қайта жабдықтау жұмыстары жайында әңгімеледі. Жиынға қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Жұмыс қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылар өңірдің су шаруашылығын тереңдете зерттеу, су ресурстарын мемлекеттік реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыным қабылдады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp