“Қазақстан” телерадиокорпорациясы АҚ облыстық филиалында өтетін аудан басшыларының кезекті баспасөз конференциясында Тайынша ауданының әкімі Серік Салтықов ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тайынша ауданында биылғы жылы ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі 32 миллиард теңгені құраған. Аудан басшысының айтуынша, мұнда облыс бойынша алғашқы болып егіншілікті әртараптандыру жұмысы қолға алынып, майлы дақылдардың егіс алқабы 112 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Аудан диқандары биыл 732 мың тонна астық жинап, облыс бойынша мол өнім алған аудандардың ішінде екінші орыннан көрінді.
Аудан басшысы 55 ауыл шаруашылығы құрылымы мал өсірумен айналысатынын айтты. Үстіміздегі жылы ауданда мал басы 4,4 пайызға артқан. Аудан әкімі алдағы уақытта мал шаруашылығына қатысты шағын және орта бизнесті дамытуға баса көңіл бөлетіндерін жеткізді.
Баспасөз конференциясында әкім ауданда кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріліп отырғанын тілге тиек етті. Индустрияландыру картасына өз ісін өрге домалатып отырған “Тиолайн” ЖШС, “Тайынша Астық” ЖШС, ет өңдеу кешені және “Астық СТЕМ” ЖШС енгізілген. Алдағы жылы картаға “EXAL INDASTRIES” ЖШС-н енгізу бағытында да жұмыс қолға алыныпты. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша сомасы 107,5 миллион теңге несие берілген. Үстіміздегі жылы 4 жаңа кәсіпорын бой көтеріп, сауда-саттық және қызмет көрсету салалары бойынша 19 кәсіпорын ашылған.
Аудан әкімі көпшілікті толғандырған “Биохим” зауытына қатысты сауалға:
– Кезінде оны ашуға мемлекеттен 100 миллион доллар бөлінген болатын. Бүгінде кәсіпорын жұмыс істеп тұрған жоқ. Ол Қазақстанның Даму банкінде кепілдікте. Зауыттың мәселесі республикалық деңгейде қарастырылып жатыр, – деп жауап берді.
Құрылыс саласында қыруар жұмыс атқарылыпты. Тайынша қаласындағы жатақхананы 24 пәтерлі тұрғын үйге қайта жаңартып, жыл соңына дейін 50 пәтерлі жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Жол мәселесіне жете тоқталған әкім аталған бағытта атқарылған жұмыстардың аз болмағанын, әйтсе де жөндеу көрмеген жолдардың көп екенін айтты.
Ал елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуде “Ақ бұлақ” бағдарламасы шеңберінде 2,2 млрд. теңгенің жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Бұл суға зәру 17 ауылды алдағы жылы таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек іздеген 1626 азамат жұмысқа орналасыпты. Денсаулық сақтау саласына жаңа қондырғылар сатып алынып, медицина мамандарының еңбекақысы жоғарылаған. Ал 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамту 100 пайызды құрайды. Әттегенайы – аудан орталығында қазақ тілінде білім беретін мектептің тарлығы. БАҚ өкілдері де үш ауысыммен оқитын жалғыз қазақ мектебінің Тайынша қаласы үшін жеткіліксіз екендігін айтып, бұл мәселенің қалай шешілетінін сұрап білді. Серік Салтықов қазақ тілінде білім беретін мектептің жобалық-сметалық құжаты алдағы жылы жасалып, ал 2015 жылы мектептің құрылысы басталатынын жеткізді.
Бұл жолғы баспасөз конференциясында әкімнің өз хабарламасын оқып шығуына эфирдің көп уақыты кеткендіктен, журналистер өздерін толғандырған барлық сауалдарды қойып үлгермеді.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.