«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭНЕРГЕТИКТЕР ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында “Солтүстік Қазақстан тарату электр желісі компаниясы” АҚ-ның 50 жылдығына орай қалалық кәсіпорын ұжымдары арасында футзалдан турнир өтті. Аталмыш дода барысында “ПЛВЗ”, “ПАМЖЗ”, “Қазақтелеком” және “Қызылжар су” кәсіпорындарының мамандары футзалдан өзара сайысқа түсіп, дода үздігі атану үшін барын салды.

Спортшылар ойынның ақтық кезеңіне жету үшін топтық кезеңнен өтті. Сөйтіп, өз топтарында бірінші және екінші орындардан көрінген “ПЛВЗ” (1-орын), “Қызылжар су” (2-орын), ЖЭО-2 (1- орын) және “Солтүстік Қазақстан тарату электр желісі компаниясы” АҚ (2-орын) мамандары өздерінің спортта да осал еместіктерін көрсетті.

Сайыс барысында “Солтүстік Қазақстан тарату электр желісі-компаниясы” АҚ командасы “Қызылжар су” құрамасымен кездесіп, қола медаль үшін сайысты. Сайысқа қатысушылар қызықты әрі көңілді ойын өткізді. Дегенмен, мерейтой иелері ойын шеберлігімен басым түсіп, жеңіске жетті. Кездесу қорытындысы 10:3.

Ал ақтық ойында ЖЭО-2 мен “ПЛВЗ” мамандары кездесті. Бұл ойын барысында бірден қай команданың жеңімпаз атанарын дөп басып айту оңай болған жоқ. Бірде энергетиктер басымдық көрсетсе, ендігі бір сәтте “ПЛВЗ” командасы қауіпті сәттерді шебер ұйымдастыра білді. Сонымен ойынның 15 минуттық бірінші кезеңі 2:2 есебімен аяқталды. Ал келесі кезең басталысымен шабуылға көшкен энергетиктер қарсыластың қақпасына үш доп дарытып, алға шықты. Жеңістен үміті бар қарсыластар қарымта шабуылға шығып, екі гол соқты. Ақыры ойын соңына 1 минут қалған кезде “ПЛВЗ” құрама командасы қосымша гол соғуға тырысқанымен, шабуылдары сәтсіз болды. Қайта энергетиктер тағы бір гол соғып, есеп санын ұлғайта түсті. Ойын қорытындысы 6:4.

Ойын мәресіне жеткеннен кейін қазылар алқасы турнир қорытындысын шығарды. Оның нәтижесі бойынша ЖЭО-2 бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ жарыста үздік ойын өрнегін көрсеткендер жеке аталымдар бойынша марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Марат Сайранұлы (“ПЛВЗ” ЖШС) “Үздік қақпашы”, Станислав Капшицкас (“Солтүстік Қазақстан тарату электр желісі компаниясы” АҚ) “Үздік шабуылшы” атанды. Ал “Ойын алаңындағы ең қажетті ойыншы” атағына Александр Иванов ( “Қызылжар су” АҚ) ие болды.

Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

“СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс бөлімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp