Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қаламыздың Қазақстан Конституциясы көшесіндегі орталық алаңында ұлттық мерекеге арналған салтанатты жиын болып өтті. Оған жиналған қала тұрғындары мен қонақтарын өңір басшысы Самат Ескендіров құттықтады.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімі бұдан 22 жыл бұрын көгімізде Тәуелсіздік туы желбірегенін, содан бергі өткен уақытта республикамыз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығымен тұрақты дамып, өркендеген мемлекет болып, халықаралық деңгейде мойындалған іргелі ел атанғанымызды алдымен атап өтті. Осы жылдары экономикалық жағдайымыз бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды, әл-ауқатымыз арта түсті. Басқа да көңіл тоярлық көп істер атқарылды. Бұлардың бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге әбден болады.
Салтанатты жиын Тәуелсіздігімізді паш ететін патриоттық әндермен жалғасын тапты. Петропавл қаласының танымал өнер ұжымдары орындаған туындылар жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ Тәуелсіздік мерекесіне арналған концерттік бағдарлама барысында қаламыздың Құрметті азаматы Александр Липовой мен Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Боташ Қажымов жиналған жұртшылыққа құттықтау сөздерін арнады.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.