«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰРЫНҒЫ “ИВУШКА” – БҮГІНГІ “БАЛДЫРҒАН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңындағы өңір басшысы қатысқан мерекелік шаралар облыс орталығындағы “Балдырған” бөбекжай – бақшасының ашылуымен басталды. Қаланың Пионер көшесіндегі бір кездері “Ивушка” деп аталған балабақша ғимараты ұзақ жыл Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 9-шы корпусы ретінде қызмет етіп, енді, міне, күрделі жөндеу мен жаңғыртылудан кейін бастапқы мақсатты қызметіне қайта кіріскелі отыр.

Қала жұртшылығы, білім беру қызметкерлері және бөбекжайдан орын тиген бүлдіршіндердің ата-аналары жиналған салтанатты жиында облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтау сөз сөйледі.

– Сіздердің баршаңызды еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Мына жайнаған жаңа тәрбие ошағы – егемен еліміздің ертеңін ойлаған Елбасымыздың “Балапан” бағдарламасының жемісі. Сондай-ақ ғимаратты сақтап, қайтадан коммуналдық меншікке берген университет ұжымына айтар алғысымыз зор. Бұрынғы 320 орындық балабақша үйі осызаманғы талапқа сай 280 орындық бөбекжай болып қайта құрылды. Бүгін біз оның алғашқы үш тобын іске қосып отырмыз. Осы топтарға жолы түскен 75 бүлдіршіннің ата-аналарын қуанышты сәттерімен құттықтаймын. Ал бақшаның қалған топтары жаңа жылдан кейін кезең-кезеңімен ашылады, – деген өңір басшысы тәрбие ошағына байғазы ретінде пианино сертификатын тапсырды. Ата-аналар атынан сөз алған Гүлия Нығметжанова облыс басшылығының бүлдіршіндерге жасап отырған қамқорлығына, мереке күнінің қарсаңындағы өздерін шексіз қуанышқа бөлеген осындай тартуына алғысын айтты.

Бөбекжайдың ашылу рәсімі лентасын Самат Ескендіров пен ұстаздық еңбектің ардагері Гүлмайра Ақжігітова қиды. Одан кейін өңір басшысы бөбекжайдағы ашылған топтарды аралап көріп, онда бөбектердің жақсы тәлім-тәрбие алуларына тамаша жағдай жасалғанына көңілі толатынын білдірді. Кең ойын бөлмесінде тәрбиеленушілердің осы мерекелік шараға арнайы дайындаған өнерлерін тамашалады.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp