Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды. Өңір жетекшісі Саумалкөлде 60 пәтерлі үйді пайдалануға беріп, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
журналист.
Бес қабатты үй талай жыл қаңырап бос тұрған болатын. Енді күрделі жөндеуден өтіп, қоныстой иелеріне есігін ашып отырған жайы бар. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы арқасында жаңартылған көпқабатты үйдің кілттерін тұрғындарға облыс әкімі Самат Ескендіров табыстады.
Азамат Баисов – екі қыздың әкесі. Осы күнге дейін 4 жыл бойы отбасымен пәтер жалдап тұрып келген. Бүгінде жаңа 3 бөлмелі үйге қолы жетіп отыр. Жары Оксана екеуінің қуанышында шек жоқ. “Жастарға көмек көрсетіп, пәтер беріп жатқаны үшін облыс әкіміне деген алғысым шексіз. Бұл еліміздегі жақсы бағдарламаның арқасы деп білемін”, – деп қуанышымен бөлісті пәтер алушы Оксана Жанғалова.
Жаңа пәтерлер, негізінен, жетімдер мен болашағы бұлыңғыр ауылдардан көшірілген отбасыларға берілді.
Бұл күні облыс әкімі “5 минут” атты шағын маркетті аралады. Бұл – Саумалкөл ауылында ашылған мұндай алғашқы сауда орыны. Сондықтан да келушілердің қатары қалың. Әрі тауардың да түрлері мол, бағасы да қолжетімді.
Айта кету керек, дүкен иесі отандық тауарларға көп көңіл бөледі. Сөредегі ет-сүттің бәрі – өңір өнімі. Болашақта нан-тоқаш пісіретін цех ашу да жоспарында бар. “5 минуттың” ішінде тұтынушыларына сапалы қызмет көрсетуді көздеген кәсіпкердің жұмысын Самат Сапарбекұлы жоғары бағалады.
Бұдан соң өңір басшысы “Алтын тау” деп аталатын сауда орталығына бас сұқты. 9 ай ішінде бой көтерген нысанның іші кең, 45 бутикке арналған. Көбінің иелері көшіп үлгермепті. Біренсаран саудагерлер ғана орындарына жайғасқан. Жұрттың саудасы қызу жүру үшін де, тұтынушының жылы жерде дүниені жақсы таңдауы үшін де бар жағдай жасалған. Болашақта халыққа түрлі қызмет көрсететін орындар да осы жерден табылмақ.
Бұдан соң Самат Ескендіров “Ақ бұлақ” бағдарламасының арқасында салынған су таратқыш станцияға бет алды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылған станцияның шапағаты көпке тимек. Саумалкөлдегі барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерге су тартылған. 2013 жылы тұрғындарды ауызсумен қамту үшін 549,578 млн. теңге қаражат бөлініпті. Жаңадан салынған станцияны облыс әкімі іске қосты.
Бүгінде 800 үйге таза ауызсу жеткізіліпті. “Ақ бұлақ” бағдарламасын қолдайтын айыртаулықтар алдағы уақытта су құбырын аудан орталығы көлемінде толық тартуды көздеп отыр.
Одан соң облыс әкімі Саумалкөлде “Халық банкінің” жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Таспаны салтанатты түрде Самат Ескендіров қиды. Өңір басшысы банк қызметкерлерін жаңа жұмыс орнымен құттықтады.
“Халық банкі” АҚ СҚОФ директоры Темірғали Мәкенов: “Биылғы жылы біз облыс бойынша елді мекендердегі банк құрылымдарының жағдайын жақсартып отырмыз. Мына ашылып отырған ғимараттың ішінде барлық банктік қызметтер көрсетіледі. Осының барлығы жұрттың қамы үшін жасалып жатыр”, – деді. Жаңа нысанның ішін аралап көрген Самат Сапарбекұлы айыртаулықтардың 90 пайызы аталмыш қаржы институтының клиенттері екенін атап өтті.
Бұдан соң облыс әкімі “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Аудан орталығындағы партия мекемесін тұрғызуға жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасаған. Оның құрылысына 25 млн. теңге жұмсалыпты. Жаңа нысанда өңір басшысының қатысуымен өткен жиында партия қатарына енді кіргендерге билеттер табысталып, Елбасы саясатын қолдап, абыройлы жұмыс істеген нұротандықтар партияның облыстық филиалы төрағасы Самат Ескендіровтің Алғыс хаттарын алды.
Самат Сапарбекұлы “Нұр Отан” партиясы ғимаратының құрылысы сапалы жүргізілгенін атап өтті. Ал айыртаулықтар өз міндеттерін мінсіз атқаруға уәде берді.
Сонымен қатар өңір жетекшісі “Ғасыр Айыртау” ЖШС-нің цехтарын аралады. Мұндағылар ағаштан жиһаз жасап, техниканың бөлшектерін жөндеп, омарташылықпен айналысады екен. Серіктестік негізінен тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Биыл серіктестік жылыжай да салыпты. Қараша айында еккен өскіндері гүлдеп тұр. Бұл қысқы жылы-жайда қияр, қызанақ, жуа егілген. Айта кету керек, “Ғасыр Айыртауда” дәл осындай жаңа үш жылыжай үздіксіз жұмыс істеп тұр.