Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында қалалық Білім бөлімі және облыстық Дін істері жөніндегі басқарманың бірлескен бастамасымен дінтану пәнін өткізу бойынша алғашқы ашық сабақ өтті. Сабақ “Христиан діні және оның бағыттары” тақырыбына арналды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ашық сабаққа қалалық мектептердің дінтану пәні мұғалімдері, қалалық Білім бөлімі мен Дін істері жөніндегі басқарманың мамандары, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Петропавл қаласындағы Әскери институттың тарихшылары қатысты.
– Балаларға дін жөнінде жалпы мәлімет беру мақсатында мектептерге дінтану пәні енгізілді. Осыған орай біз мұғалімдердің дін тақырыбын ашу жағдайларын, оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын байқау және әдістемелік көмек көрсету үшін бірнеше мектептегі дінтану пәні сабақтарына қатысуды мақсат еттік. Сонымен қатар дінтану пәні бойынша оқу орындарының арасында байланыс орнатуды көздеп отырмыз. Осылайша дінтану пәнінің жалпы білім беру мектептері мен жоғары оқу орындарында берілу деңгейі мен сапасы қандай болатынын айқындаймыз. Яғни, кемкетік тұстары болса анықтап, мұғалімдерге қандай оқулықтар бойынша жұмыс істеу керектігі туралы кеңес беріп, келер жылдардағы оқулықтарға қосымша ұсыныстар енгізетін боламыз, – дейді қалалық Білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлнәр Әбішева.
Дінтану пәнінен өткен ашық сабақта әлемдегі ең көп тараған діндердің бірі – христиан діні және оның бағыттары жайлы түсінік берілді. Сабақ барысында оқушыларға түрлі танымдық тапсырмалар жүктеліп, ойөрістерін дамыту, белсенділіктерін арттыру және адамгершілікке баулу, отансүйгіш, рухы жоғары азамат тәрбиелеу бағытында жұмыс жүргізілді.
Тарих және құқықтану, дінтану пәндерінің мұғалімі Айдар Сұрағановтың айтуынша, ол сабақта балалардың негізгі діндер және олардың тармақтары, дәстүрлі емес діндер туралы түсініктерін қалыптастыруды, балаларды бөтен діннің ағымында кетіп қалудан сақтандыруды көздеген.
– Балалар болашақта үлкен өмірге қадам басқан кездерінде негізгі діндер мен қатерлі діндердің ара жігін айыра білуге үйрету және теріс ағымдағы діндерден сақтау мақсатында осы пән жүргізілуде.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деп Абай атамыз айтқандай, адамдар басқаны дініне, нәсіліне қарай бөлмей, әркімге бауыр ретінде қарауы керек. Бұл бірнеше дін тоғысқан көпэтносты мемлекетімізде тыныштық пен бейбітшілік сақталуы, халық арасында діни қайшылықтар орын алмауы үшін қажет. Біздің мақсатымыз балаларға осыны жеткізу, түсіндіру, – дейді Айдар Асқарұлы.
Сабақ соңында пәннің балаларды жалықтырмай, қызғылықты болуы үшін жоспарды қалай құру, қандай оқулықтарды қолдану, 45 минут уақытты тиімді пайдалану керектігі жөнінде пікірлер айтылып, ұсыныстар жасалды.