«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГІНШІЛІКТЕН КӨШ СОҢЫНДА ҚАЛҒАН Тимирязев ауданында дәрігер тапшылығы да сезіліп отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстан” телерадиокорпорациясы” АҚ облыстық филиалында өтетін аудан басшыларының дәстүрлі баспасөз конференциясына Тимирязев ауданының әкімі Еркін Базарханов қатысып, жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Биылғы орақ науқанында егін шығымдылығы жөнінен төмен көрсеткішке ие болған ауданда 387 шаруашылық субъектісі бар. Осы шаруашылықтар 260,3 мың гектар алқапқа дәнді және майлы, сондай-ақ жем-азықтық дақылдар сепкен. Ауданның аграршыларына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі жыл сайын ұлғайып отыратындығын жеткізген Еркін Сейілханұлы биыл өсімдік пен мал шаруашылығын дамытуға сәйкесінше 398,1 және 37,7 миллион теңге субсидия алынғандығын жеткізді. Ауданда “Мерей” ауылдық кредиттік серіктестігі жұмыс істейді. Оның тарапынан 138,3 миллион теңгенің 19 кредиті берілген. Етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға да аса көңіл бөлініп отырған көрінеді. Осының арқасында ірі қараның басы 20 пайызға артқан. Мәселен, өткен 10 айда 1451 бас ірі қара алынса, оның 41-і – асылтұқымды бұқалар. Жалпы ауданда екі асылтұқымды мал өсіретін шаруашылық жұмыс істеуде.

Ауданның өнеркәсіп саласында 43 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 460. Индустрияландыру картасына 1 инвестициялық жоба енген.  

Ауыл тұрғындары үшін аса маңызды мәселелер – жол, таза ауызсу, тұрғын үй құрылысы жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр, деді. Қазіргі таңда 12 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша 9 бір пәтерлік үйлер салынуда. Ал аудандағы автожолдың қашықтығы 355 километр болса, оның 116-сы – облыс тық маңызға ие. Үстіміздегі жылы аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға – 4,5 миллион теңге, облыстық бюджеттен жолдағы ой-шұңқырларды тегістеуге 50 миллион теңге қаржы бөлінген көрінеді. Республикалық бюджеттен автожолдарды жөндеуге 23,1 миллион теңге бөлініп, игерілді. Аудан тұрғындарын ауызсумен қамту 100,5 пайызды құраған көрінеді. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында 13 ауылдық округте балалар алаңы орнатылып, қоқыс орындары алынып, аудан орталығындағы жолдардың ой-шұңқырлары тегістелген. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша аудандағы жұмыссыздарды еңбекке тарту қолға алыныпты. Үстіміздегі жылдың 10 айында тіркелген жұмыссыздар 0,4 пайызды құраған.

Ауданның білім беруде, денсаулық сақтауда, спортта жетістіктерімен қатар кемшіліктері де бар. Аудандағы 21 жалпы білім беретін орта мектептің тек екеуі таза қазақ тілінде білім берсе, денсаулық сақтау нысандарына 8 дәрігер жетіспейді. Ауданда бала туу деңгейі төмендеп, жалпы өлім-жітім көбейген. Ана өлімі тіркелмесе де, баланың шетінеуі орын алған. Туберкулез ауруы 12 жағдайға дейін өскен (2012 жылы – 3 жағдай). Ал спорт саласын дамытуда әдеттегідей жоспарлы жұмыс қолға алынған. Спорттық құрал-жабдықтары сатып алынып, стадиондар мен алаңдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудандағы жағдаймен таныстырып өткен Еркін Базархановқа жергілікті БАҚ пен қоғамдық бірлестіктер өкілдері тарапынан туберкулез ауруына шалдығу жағдайларының өсу себебі, орташа еңбекақы көлемі, гендерлік саясаттың жүргізілу деңгейі, астық шығымдылығын арттыру үшін қандай жұмыс қолға алынғандығы жайында сұрақтар қойылды. Бұл сұрақтарға жауап берген Еркін Сейілханұлы туберкулез ауруын анықтау жұмысының сапасы артқандығын, орташа еңбеқақының көлемі 61 087 теңге болса, ауыл шаруашылығы саласында бұл 53 716 мың теңгені құрағандығын жеткізді. Гендерлік саясаттың да ойдағыдай жүзеге асырылып отырғандығын, ауданда басшылық қызметте әйелдердің бар екендігін тілге тиек етті. Ендігі жылы егін шығымдылығы бойынша көштің соңында қалмау үшін қажетті жұмыстардың жасалатындығын да айтты.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp