Кеше еліміздің барлық аймақтарындағы балаларға естен кетпес ертегілер әлемі айқара ашылғандай болып, жүздері бал-бұл жайнаған олар аңсай күткен сыйлықтар мен тәттілерге кенелді. Осылайша Президент шыршасы бұл жолы да өңіріміздің белсенді де алғыр, оқуда озат ұл-қыздарға ұмытылмас кеш сыйлады.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қас қағым сәтте облыс орталығындағы “Айналайын” ойын-сауық орталығы ақ қанат “періштелер” мен сиқырлы “аң-құстардың”, “ханзадалар” мен “ханшайымдардың” ғажайып әлеміне айналды. Көздің жауын алатын киімдер киген бүлдіршіндер би билеп, ән айтты. Облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлері балаларды ертегілер әлеміне жетелеп, қиялдарына қанат бітірді.
Салтанатты шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен экран арқылы барша қазақстандық балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. “Шырайын шашқан осы шыршадай жайнап жүре беріңдер!” деген лебізін білдірген Президент ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақтың болашағы үшін елімізде бар жағдайдың жасалып отырғандығын айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров та балаларды айтулы мерекемен құттықтап: “Жақсы білім алып, тәртіпті болып, саламатты өмір салтын ұстанып, еліміздің білімді азаматтары болыңдар. Әр бүлдіршіннің жаңажылдық арманы орындалсын!” – деді.
Содан кейін балалар Аяз ата, Ақшақармен бірге алып шыршаның шамын жаққаннан кейін барлығы қол ұстасып оны айналды.
Бұл күні балалардың ішінен ең сәнді де мәнді костюм иелері анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айыртау ауданындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернаттың оқушысы Анастасия Шмелеваның “ЭКСПО – 2017” киімі көптің көңілінен шығып, оған бас жүлде бұйырды. Көздің жауын алатын көйлек әшекей тастармен безендіріліп, гүлдермен көмкеріліп, қызыл-жасыл шамдармен жарықтандырылыпты. Елизавета Килинг, Арыстан Есентеміров, Темірлан Мұқанов есімді балалардың да карнавалдық киімдері ерекшелігімен көзге түсіп, бұл оқушылар ең үздік жаңажылдық костюм иелері атанып, бірінші орынға ие болды. Ал Томирис ханшайымы болған Анар Еркембаева, киіз үй іспеттес киім киген Кенжегүл Туркаева, “Теңге ханшайымы” Людмила Кожевникова мен “Жазық дала қожайыны” Фарид Самедонов екінші орынның жүлдесімен марапатталды. Үш үшінші орын Аслан Әленовке, Алексей Бураковқа және Снежана Голубцоваға бұйырды.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.