«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕМЕКІНІҢ ТҰҚЫЛЫНАН КЕЛГЕН АЖАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен аптада облыс бойынша жиырмадан астам өрт оқиғасы орын алып, темекі шегіп жатып ұйықтап кеткен екі жерлесіміз бақилық болды.

Тимирязев ауданына қарасты Докучаево ауылында қайта қалпына келтіріліп жатқан екі қабатты 8 пәтерлі үйді жылытуға арналған қазандық ғимаратынан өрт шықты. Оқиға орнынан жөндеу жұмысына жауапты “АтамекенАгро-Тимирязево” ЖШС-нің 42 жастағы жұмысшысының өлі денесі табылды. Ол сол түні отын қоймасында түнеп қалған болатын. Тергеушілер өрттің шығу себебін сөнбей қалған темекі тұқылынан көріп отыр.

Сергеевка қаласының 35 жастағы тұрғыны үшін де төсекте жатып, темекі шегудің кесірі орны толмас өкінішке әкелді. Жалғызбасты әйел түннің бір уағында қызыл жалынның ортасында оянған. Үйден шығып кетудің амалдарын жасағанымен, есікке дейін жете алмаған. Тілсіз жаудың құшағында қалған әйелдің жансыз денесі асүйде, сыртқа шығатын есікке жақын жерден табылды.  

Өткен аптада облыс аумағында қысқа тұйықталудың салдарынан жер үй иелері мүлкінің зақымдалу фактілері жиі орын алды. Көлік иелері де қысқа тұйықталудың кесапатын көруде. Облыс орталығында №4 бағытындағы автобустың қозғалтқышында болған қысқа тұйықталудан шыққан өртті төтенше жағдайлар қызметкерлері ауыздықтап үлгерді. Абырой болғанда, жапа шеккендер болған жоқ. М.Жұмабаев ауданында Челябинск-Новосибирск тас жолында “ВАЗ-2104” көлігі мен Айыртау ауданы аумағында “ВАЗ-21063” көлігі де отқа оранып, көліктердің көп бөлігі зақымданды.

Тілсіз жау өңір жұртшылығының жеке аулаларындағы шөпті де шарпып үлгеруде. Өткен аптада 56 тонна жемазық күлге айналды. Оттың шығуына әдейі өрт қою және тұрғындардың отты пайдаланудағы абайсыздығы себеп болып отыр.

Бір жеті ішінде пештен шыққан өрт Қызылжар, Айыртау аудандарындағы және Петропавл қаласындағы бірқатар үйлердің берекесін қашырып, үрейлерін келтірді. Солардың бір мысалы, облыс орталығының тұрғыны пешті қатты қыздырып жібергені соншалық – пеш жылуымен емес, шарпыған жалынымен жауап берген. Ал Имантау ауылының тұрғыны ұйқыға жатар алдында пештің жапқышын жауып, ертеңіне жағу үшін пеш ішіне отынды толтырып салады да, тәтті ұйқыға кетеді. Ал түн ортасында отбасы мүшелері көк түтінге шашалып оянды. Тұншықтырғыш газдың өрттен де бетер қауіпті екендігі баршаға мәлім. Әйтеуір, үй иелері жапа шеккен жоқ. Осындай жағдайларда облыста тұншықтырғыш газдан тұтас отбасы мүшелерінің қайтыс болғаны жайында бірнеше оқиға тіркелген болатын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp