Әдетте, 16 желтоқсанда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Ал ішкі істер органдарының қызметкерлері, керісінше қоғамдық тәртіпті қадағалаумен болады. Сондай жандардың бірі – М. Жұмабаев аудандық ІІБ-нің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Серік Жұлтанов.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.
16 желтоқсан Серіктің шаңырағында атап өтіледі. Біріншіден, Тәуелсіздік күні болса, екіншіден, өзінің туған күні. Тағдырдың жазғаны болар, бала кезінен полицияда қызмет етуді армандаған кейіпкеріміз соңғы жылдары бұл күндерді қызмет бабында өткеріп жүр.
Екі жоғары білімі бар Серік Жұлтанов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын СҚО Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы батальонының полицейі, сержанты ретінде бастаған. Мұнда екі жыл қызмет еткен соң сол жылғы Конституция күні салтанатты түрде полиция лейтенанты шеніне қол жеткізеді. Бұған қоса лауазымы да өсіп, “Жамбыл ауданының Ішкі істер бөліміне, аталмыш ауданның “Авангард” ауылдық округінің учаскелік инспекторы лауазымына тағайындалды.
Арманына ілесіп, полициядағы еңбек жолын одан әрі жетілдіру үшін балашағасын ауылда қалдырған. Айта кетейік, Серік – Қызылжар ауданындағы Байсал ауылының тумасы. Дегенмен, отбасы отағасының қызметіне түсіністікпен қарайды және кейіпкеріміздің айтуы бойынша барлық бастамаларын қолдайды. Оның басты сүйеніші – сүйікті жан жары Динара және қызы Нұрсұлу мен ұлы Батырхан.
Учаскелік полиция инспекторының мақсаты – қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Әкімшілік аймақта қылмысты болдырмау және азаматтардың құқықтарын қорғау болып табылады.
Серік өзіне қарасты аумақта қылмыс жиі жасалмайды деп шүкіршілік етеді. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен, келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін, әсіресе, мереке күндері күшейтілген түрде жұмыс істейміз, дейді. 16 желтоқсан да сол күндердің бірі. Еш өкінетіні жоқ, себебі бұл тағдырды өзі таңдаған ол қызметіне адал және асқан жауапкершілікпен қарайды.