Ел Тәуелсіздігі мерекесінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы Мұрат Қадырбек жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат тәрбиеленушілерімен кездесті.
Айнұр ЕҢСЕГЕНОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің инспекция және бақылау бөлімінің
консультант-инспекторы.
Кездесу барысында балаларға департаменттің негізгі жұмысының бағыты, мемлекеттік қызметтің беделі және болашақта кәсіби жоғары білікті кадрлардың қажеттілігі туралы айтылды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында атап көрсеткендей, балалардың негізгі мақсаты білімге ұмтылу болу керек. Бұл үшін біздің мемлекетімізде зияткерлік мектептер ашылып, оларда жан-жақты дарынды балалар оқып жатыр. Мыңдаған жас қазақстандықтар “Болашақ” бағдарламасы бойынша әлемнің маңдайалды университеттерінде білім алып жүр, – деді Мұрат Қадырбек.
Тәрбиеленушілер өздерін құттықтай келген қонақтармен емен-жарқын әңгімелесіп, қызықтырған сұрақтарын қойды. Балалар болашақта қандай мамандық иесі болуды қалайтындықтары жөнінде жоспарларын айтып, арман-тілектерімен, оқу үдерісінде жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы шеңберінде мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне түрлі бағалы сыйлықтар табыс етілді.