«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРЕНДЕР ӨНДІРІСТІ ӨЗ КӨЗДЕРІМЕН КӨРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бір топ жас жеткіншекпен бірге облыс орталығындағы іргелі екі кәсіпорынның табалдырығын аттап, ондағы жұмыстардың қалай атқарылатынын жас буынмен бірге тамашалады. Бұл жолғы экскурсияға жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері шақырылды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Облыс әкімдігінің бұл шараны ұйымдастырудағы мақсаты – жас жеткіншектерге ертеңгі күні мамандық таңдауын дұрыс жасауға, қоғамнан өз орындарын табуға, бала күнгі арманын жоспарлай біліп, дегендеріне жетуге бағыт беру. Экономиканы дамытудың негізгі қозғаушы күші шағын және орта бизнес десек, бүгінде қоғамдық көзқарас жақсы табыс табумен, жақсы өмір сүрумен сипатталып отыр. Ендеше әрбір жеткіншектің табыстың қалай келетінін, бизнес тетіктерінің қалай жүргізілетінін бала күннен бастап білгені жөн. Сонда олар ойлаған мақсаттарына жетудің жолын қалыптастырады. Бүгінгідей өндіріс басындағы экскурсияны біз ұдайы ұйымдастырып отыратын боламыз. Мұны бірінші болып бастаған Балалар үйінің жеткіншектеріне мұндай қамқорлықтың, ақылкеңестің тіптен қажет екендігі сөзсіз. Алдағы жылы өңірімізде бизнесті қолдау орталығы ашылған кезде олармен бірлесе отырып, жоғары сыныптың оқушыларымен осы жұмысты жалғастыруды көздеп отырмыз, – деді Қайрат Бекенов.

Жеткіншектердің бірінші танысқан кәсіпорны “Сұлтан кондитерлік өнімдері” АҚ-ның өндіріс алаңы болды. Онда балалар акционерлік қоғамның үш цехын аралып, тәтті тағамдар мен макарон өнімдері қалай жасалатынын өз көздерімен көрді. Бұл өндіріс орталығы технологияның озық үлгілерімен жарақтандырылған. Ондағы автоматтандырылған құрал-жабдықтар печеньенің, вафлидің түр-түрін көз ілестірмей пісіріп, кесіп, орамаға орап жатқандарын көргенде балалардың еңбек үдерісіне таңғалыспен қарап тұрғандары байқалды. Кәсіпорын әкімшілігі келген қонақтарға өз өнімдерінің дәмін татырып, жас жеткіншектерге жаңа жылдық сыйлықтар беруді ұмытпады.

Балалардың өндірістік экскурсиясының екінші нысаны сүт және сүт өнімдерін шығаратын “Молпродукт” ЖШС болды. Онда да балалар күнделікті ішіп жүрген сүт пен шырынды аға буынның қалай дайындап беретінін көріп, еңбектің қадірін ұққандай сыңай танытты. Бұл серіктестік те өңірімізде сүт өнімдерін өндірушілердің алдыңғы қатарындағы кәсіпорын. Адам еңбегі жеңілдетілген өндіріс алаңында автоматтандырылған құрылғылар көз ілестірмей дайын тауарларды шығарып жатты.

Экскурсияға қатысқан 16 бала осы саяхаттан ерекше әсер алып оралғандары анық. Бәлкім, бұл олардың өміріндегі бір маңызды қадам болған шығар.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp