Облыстық Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен мектеп оқушыларының жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша бірінші орынға – 16, екінші орынға – 31, үшінші орынға 48 оқушы ие болды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар сайыстары оқушылар арасында зияткерлік жарыстар өткізу ережелеріне және ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес ғылым мен техника бойынша халықаралық ғылыми конкурстар аясында жыл сайын өткізіліп тұрады. Оның мақсаты – оқушылардың ғылымизерттеушілік және оқу-танымдық әрекеттерін ынталандыру, дарынды зерттеушілерді іріктеу және қолдау, еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету.
Сайыс физика, техника, Жер және космос туралы ғылымдар, математика, қолданбалы математика, экономика, биология, химия, гуманитарлық, экологиялық, өлкетану, тарих, құқықтану – барлығы 16 бағытта өтті. Онда аудандық және қалалық кезеңдерде жүлделі орын алған 8-11-сынып оқушылары бақтарын сынады.
Облыстық сайыс қорытындысы бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының үшінші тестілеу кезеңіне 95 жоба өтті. Оның 46-сы – командалық, 49-ы – жеке жұмыстар.
Жеңімпаздар ақпан айында өтетін республикалық турда облыс намысын қорғайтын болады.