Гүлжан ИЛЬЯСОВА,
Ботагөз ИСИНЕЕВА,
“Ақ бота” бөбекжай-балабақшасының
қазақ тілі мұғалімдері.
Петропавл қаласындағы “Ақ бота” бөбекжай-балабақшасында “Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесінде денсаулық сақтау технологияларын қолдану” тақырыбында дене тәрбиесі, ән-күй, хореография мұғалімдерінің арасында қалалық семинар өтті.
Өз білімін ұштап, ісін жаңаша жүргізіп жүрген ән-күй жетекшісі Наталья Долинина сәбилер тобында “Сиқыршы күз” тақырыбында сабақ берді. Ал дене шынықтыру нұсқаушысы Екатерина Габдуллинаның жан-жақты ойластырылған “Спорт дүкені” тақырыбындағы сабағын көрермендер қызыға тамашалады. “Көңілді қаладағы саяхат” атты хореография сабағын Саида Кох көрсетті. “Тіс ауырмасын десек…” валеология сабағы естиярлар тобында өте қызықты өтті. Тәрбиешілер Жазира Жанболатова мен Маржанай Сейдахметова өздерін білікті мамандар ретінде ғана емес, сонымен қатар өздерінің әртістік қабілеттерін де көрсете білді. Тәрбиешілерге ақыл-кеңес беріп, сабақ жоспарын сарапқа салып, сабақтың ойдағыдай өтуіне әдіскер Нүрила Тілеулина да көп еңбек сіңірді. Осы іс-шараны ұйымдастырушы әдіскер Вера Бикбаева келесі сабақты тамашалауға бассейнге алып барды. Оның “Кішкентай денсаулық сарайы” атты ойын-сауығы көрермендердің де, сабаққа қатысушылардың да көңілінен шықты деп ойлаймыз. Осы ойын-сауық Екатерина Габдуллинаның жетекшілік етуімен және тәрбиешілердің қатысуы арқылы ертегі түрінде өте жақсы өтті.
Жиынды қорытындылау барысында қалалық Білім бөлімінің әдіскері Ботагөз Оспанова өз пікірін айтты және Айыртау ауданынан, қаламыздың балабақшасынан келген қонақтар сабақ өткізген мұғалімдердің озық әдістемелерімен танысып, тәжірибе алмасты.
Петропавл қаласы.