Облыс орталығындағы музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы Әсет Ерман елордада өткен “Астана-Мерей” IX Халықаралық жас орындаушылар конкурсында бірінші орынға ие болды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Қазақ Ұлттық өнер университеті аталмыш өнер байқауын дарынды балаларға бағдар беру, олардың кәсіби деңгейін арттыру, жас таланттар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға жәрдемдесу мақсатында жыл сайын ұйымдастырады. Бұл жолғы додада Қазақстанмен қатар, Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстаннан 10-16 жас аралығындағы дарындар бақ сынасты. Музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың мұғалімі Тойкен Күдерованың айтуынша, Әсет Ерман сынға түскен халықтық ішекті шертпелі аспаптар аталымында 100-ден астам бала өнер көрсеткен. Жерлесіміз Курбанионның “Навои Шарк” және Малғаждар Әубәкіровтің “Талас” туындыларын орындап, қазылардың жоғары бағасына ие болыпты.
13 жастағы Әсет бұған дейін де түрлі байқауларға қатысып, жүлделерге ие болған: “Қазақстандағы жел бағыты” III Халықаралық балалар мен жасөспірімдер байқауында және Омбы қаласында өткен “Сибирь зажигает звезды” Халықаралық конкурсында бірінші орын алған. Музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта 4-сыныптан бері білім алып келеді. Талай дарынды тәрбиелеумен танылған Тойкен Күдерованың шәкірті болашақта бұдан да зор белестерден көрінеріне сеніміміз мол.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.