Бұрнағы күні Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда биылғы жылғы атқарылған жұмыс қорытындыланып, келер жылдың жоспары бекітілді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың төрағалығымен өткен отырыс барысында белгілі болғанындай, өңіріміздегі бірқатар мекемелерде Мемлекеттік рәміздерді орналастыруда бірқатар кемшіліктер анықталған. Ондайға жол берген 19 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Үстіміздегі жылғы 7 қазан – 7 қараша аралығында Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелері барлық аудандар мен облыс орталығындағы мекемелерге тексеріс жүргізген.
– Облыстық және аудандық комиссиялардың мүшелері 1217 ұйымда 176 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде ілінген Мемлекеттік Тудың тозып-жыртылуы, рәміздердің тиісті жерлерде орнатылмауы және оларды насихаттайтын ақпараттық-көрнекілік стендтердің талаптарға сай еместігі, қараңғы уақытта жарықтандырылмайтындығы, бұл мәселеге немқұрайдылық таныту секілді бірқатар кемшіліктер анықталды, – деді облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов.
Осы орайда Фархад Шаймұратұлы олқылықтар орын алған аудан әкімдерінің орынбасарларынан мән-жайды сұрады.
Жиын соңында облыстық комиссияның келер жылғы жұмыс жоспары бекітіліп, Фархад Қуанғанов жауапты тұлғаларға Мемлекеттік рәміздерге жауапкершілікпен қарау керектігін тағы бір мәрте ескертті.