«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛЫННАН ЖАСҚАНБАЙТЫН ЖІГІТТЕР ерліктері үшін медальмен марапатталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таяуда ғана құрылғанына 10 жыл толған, облыс орталығындағы Жұмысшы кентінде орналасқан №4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ринат Ілиясов пен өртсөндіруші Болат Ахметов “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” медалімен марапатталды.

Татьяна ШЕЙКИНА,

журналист.

Бұл оқиға осыдан шамамен бір ай бұрын болған. Қарауыл құрамында кезекшілік атқарып отырған бөлімше командирі Ринат Ілиясов пен өртсөндіруші Болат Ахметов Жұмысшы кентінде жеке тұрғын үйден шыққан өртті сөндіруге ТЖ жасақтарымен бірге аттанған еді. Олар келген кезде тұрғын үй жалындап жанып жатты. Қою түтін ішінен көмекке шақырған адамның дауысы естіледі. Бір сәт те кешігуге болмайды. Газ бен түтіннен сақтайтын маска киген өртсөндірушілер оттан тайсалмай, үйдің ішіне еніп кетті де, зардап шеккен адамды таза ауаға алып шықты. Осы кезде “Жедел жәрдем” машинасы да келіп жетті…

Құтқару және көмек көрсетуді өртсөндірушілер күн сайын бастарынан кешіреді. Айрықша оқиға олар үшін күнбе-күнгі қалыпты жағдай саналады.  

– Біздің жұмыста әртүрлі жағдай кездеседі. Өйткені, өртсөндірушінің жұмысы сондай. Егер медаль алсаң – соған лайықты болғаның. Бұл награда бұрынғыдан да жауапты болып, кәсіби шеберлігіңді арттыра түсуге міндеттейді. Ел құрметіне бөленіп отырған қызметкерлеріміздің өрт сөндіру бөлімінде еңбек ете бастағандарына 5 жылдай ғана уақыт болғанымен,тәжірибелері мол, өздерін әрдайым жақсы жауынгерлік формада ұстайды, – дейді №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Бақыт Тельманов.

Нағыз өртсөндіруші шаршау мен қалжырауды, “істей алмаймын” дегенді білмейді. Тәуліктің кез келген уақытында, кез келген ауа райында, ыстықта да, қатты аязда да от пен суға қойып кетуге әзір. Сондықтан өртсөндірушілерге жауапкершілігі мол, батыл да табанды, қатаң мінезді, ерік-жігері күшті, жақсы шыныққан адамдар келеді. Жылжымалы сатымен шығу, газқағарды пайдалану, қою түтінде қозғала, жүгіре, секіре, ауырлықты көтере білу аздық етеді. Ең қиыны – өз өміріңді тәуекелге тігіп, біреудің өмірін құтқаруға дайын болу. Бұл қолынан келмейтіндер өртсөндірушілер қатарынан кетеді.

№4 өрт сөндіру бөлімі ұжымы өздерінің тұрақтылығымен ерекшеленеді. Ондағы қызметкерлердің орта жасы – 32. Бөлімде 40 адам еңбек етеді. Олар Жұмысшы кентіне, іргедегі саяжай қоғамына, әуежайға қызмет көрсетеді.

Бүгінгі күнге дейін олар 840 шақыруға шығып, 41 өртті бұғалықтады, 14 апаттық-құтқару шараларын атқарды, 6 адамды құтқарды, оның 2-еуі – бала, 77 адамды қауіпсіз жерге көшірді.

Таяуда марапатталған ержүрек өртсөндірушілер – осы бөлімнің жасақтары, екеуі де Есіл ауданындағы Алқа ауылының тумалары.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Р. Ілиясов пен Б.Ахметов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp