Жаратылыстану-математикалық пәндер бағыты бойынша VI президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне облыстық турдың 12 жүлдегері де қатысты. Олар 1 алтын, бір күміс, екі қола медаль алып, қуанышпен оралды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жаратылыстану-математикалық пәндер бағытындағы президенттік олимпиаданы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығы 2008 жылдан бері Елбасының тапсырмасы бойынша жыл сайын өткізіп келеді. Президенттік олимпиаданың өткен жылдардағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері бүгінде еліміз бен шетелдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып жүр.
– Президенттік олимпиада Тұңғыш Президент күні және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған шаралар аясында өтті. Президенттік олимпиадада бақтарын сынап, алдыңғы орындардан көріне білген балалардың бұл жеңістері – мемлекетіміз үшін маңызды мерекелерге жасаған үлкен тарту. Облысымыздың білім беру саласына қосқан зор үлес. Өйткені, президенттік олимпиаданың 12 жүлделі орынының 4-еуін біздің оқушылар иеленді. Бұл – балалар мен ұстаздардың бірлескен еңбегінің жемісі, – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова.
Президенттік олимпиада жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларының арасында химия, биология, физика және математика пәндері бойынша өтеді. Олимпиадаға оқушылардың қызығушылығы мол. Ол халықаралық зияткерлік сайыстардың қатарына кіреді.
– Олимпиаданың деңгейі жоғары. Олимпиада – түлектер үшін өздерінің білім деңгейлерін бағамдайтын үлкен мүмкіндік. Ол негізгі төрт пән бойынша өтті. Төрт пәнге бірдей жоғары деңгейде дайындалу оңай болған жоқ. Оның тапсырмалары басқа олимпиадаларға қарағанда күрделендірілген болды. Қиындықты жеңе біліп, барлық төрт пәннен де жоғары ұпай жинап, жеңімпаз болып шығу мен үшін зор мәртебе. Мен еліміздегі деңгейі жоғары Назарбаев Университеті немесе Қазақстан-Британ университетіне химия-химиялық технология мамандықтарына түскім келеді, – дейді алтын медаль иегері Тимур Хасенов.
Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін Бірінші лицейдің оқушылары Тимур Хасенов алтын медальды жеңіп алса, Дмитрий Аристов күміс медальға ие болды. Қола медальді қанжығалағандар дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылары Әлімжан Мәркен мен Әділет Мырзатай.
Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерге I, II және III дәрежелі дипломдар, медальдар мен сертификаттар табыс етілді.
Президенттік олимпиадаға қатысқан басқа оқушылар: Александр Положаев, Надежда Демина (дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейінен), Егор Земляков, Александр Голенков (қалалық жалпы білім беретін бірінші лицей), Роман Гугняк (Петропавл қаласындағы №32 мектеп) және Асхат Мырзабаевқа (Шал ақын ауданындағы Е.Букетов атындағы мектеп-гимназия) президенттік олимпиадаға қатысқандары үшін сыйлық карталар табысталды.
Оларды жаратылыстану-математикалық бағыттағы президенттік олимпиадаға сапалы дайындаған пән мұғалімдеріне Алғыс хаттар тапсырылды. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталған президенттік олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері еліміздің жоғары оқу орындарында оқу үшін білім гранттарын иеленуге конкурсқа қатысу кезінде басымдық құқығына ие болады.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.