Жақында велоспорттан облыс құрама командасының бас жаттықтырушысы Сергей Кручина қуанышты хабар жеткізді. Бапкердің айтуынша, оның шәкірттерінің ішінен үздіктерінің бірі Артем Захаров Мексикада өткен Әлем кубогының екінші кезеңінде үшінші орынды олжалапты. Атап айтқанда, ол велоспорттың “Омнимум” атты жарыс түрінде Солтүстік Американың осы елінде сынға түсіп, 4.19.93 секунд уақыт нәтиже көрсетіпті.
Омнимум деген жарыс төрт кезеңді қамтиды. Біріншісі – велотректі барынша жылдам айналып өту. Екіншісі – ең көп ұпай алу үшін жарысу. Үшіншісі – жарысушылардың соңы болмау. Өйткені, соңында қалған велошабандоз айналым сайын жарыс жолынан шығарылып отырады. Төртіншісі – топ болып, бірін-бірі қуалай жарысу.
Осылайша сынға түскен А. Захаров үздік үштікке кіріп, жоғарыдағы уақыт көрсеткішімен жарысты тамамдапты.
Ол Астана қаласында туған, біздің облыс құрамасының мүшесі.
Артемнің жетістігі жалғыз бұл ғана емес. Ол осы жылдың шілде айында Францияда скретчтен өткен жарыста да көзге түсіп, абыройға бөленгенді. “Скретч” деп аталатын жарыста велошабандоздар жеке бәске түседі. Ерлер он бес шақырымда, әйелдер он шақырым қашықтықта күш сынасады. Айналым сайын артта қалған адам жарыс жолынан шығарылады. Міне, осындай аса ауыр сынақта жерлесіміз екінші орынды олжалаған.
А. Захаровтың және оның командалас серіктерінің арқасында біздің облыстың велоспортшылар құрамасы елімізде топ басын ешкімге бермей келеді.