«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫС АУДАНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР әр саланы қамтып отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық телеарнада өтетін баспасөз конференцияларында бұл жолы Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдин журналистердің сауалдарына жауап берді. Оның айтуынша, соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық саласы табысты даму үстінде. 

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұған облысымыздағы барлық аудандар арасындағы аталмыш ауданның экономикалық-әлеуметтік даму рейтингісінің нәтижесі дәлел болса керек. 2012 жылдың тоғыз айында аудан 12-інші орында тұрса, биылғы тоғыз ай қорытындысы бойынша 8-орынға көтерілген. Экономикалық өсім көрсеткіші құрылыс жұмыстары көлемінің артуына, негізгі капиталға инвестициялардың құйылуына орай жақсарған. Орташа айлық жалақы 2012 жылмен салыстырғанда биыл 6,8 пайызға өскен. Өзгелердегідей, бұл ауданда да ауыл шаруашылығы саласы басты орында. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі өткен он айда 10 млрд. 623 млн. теңгені құраған. Көктемгі егіс жұмыстары кезіндегі диқандардың жүйелі жұмысының нәтижесінде ауданда сапалы астық жиналыпты. Ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы көлемі де аз емес, жалпы сомасы 251,8 млн. теңгенің мемлекеттік субсидиясы бөлінген. Биыл ауданның беткеұстар шаруашылықтарының бірі – “Ар” ЖШС құны 307 млн. теңгеге шағын элеватор салған. “Аталмыш нысанның арқасында элеваторлардың жетіспеушілігінен сыртқа шығарылатын астық өз ауданымызда қалды”, – деді әкім.

Мал шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылуда. Үстіміздегі жылы 1779 бас ірі қара сатып алынған. Соның ішінде “Жолдасбай-Агро” ФШ ангус тұқымды 393 бас малды Америкадан жеткізді. Бұл шаруашылықтың 400 басқа арналған ферма-репродуктор жұмыс істеп тұр.  

Аман Төрегелдиннің айтуынша, биыл аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 159978,4 мың теңге қаржы бөлінген. “Өндіріс-Жұмысшы-Мырзағұл” автожолындағы учаскеге күрделі жөндеу жүргізу үшін “Алтын Алқап СК” ЖШС-мен шарт жасалған. Нәтижесінде аталмыш үш учаскенің көктемгі-күзгі жауын-шашыннан кейінгі бұзылатын аумақтары жөнге келген. Жұмыс аяқталған соң Өндіріс, Жұмысшы және Мырзағұл ауылдарынан аудан орталығына қатынайтын автобустардың мәселесі шешілген. Сондай-ақ аудандық маңызы бар бес жолға ағымдағы жөндеу жүргізілген.

Ауданда өзін-өзі жұмыспен қамтыған 292 және жұмыссыз жүрген 342 адам, 318 жас пен 225 әйел “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының шараларына тартылған. “Үстіміздегі жылы қанатқақты режімде жұмыс беруші тарапынан қаржыландыру нәтижесінде 9 бірпәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оған жұмыссыздар қатарынан он адам тартылған. Кішкенекөл ауылында 22 бірпәтерлі 22 тұрғын үй салынып, оларға 88 адам жайғастырылды. Олардың ішінен 53 тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылды”, – деді Аман Жақсыбайұлы.

Журналистер аудан бойынша аталмыш бағдарламаның ақсап жатқан тұстарын білгісі келді. Аман Төрегелдин оның толыққанды жүзеге асырылып отырғандығын, бағдарлама шеңберінде 2012 жылдан бастап 10 жобаның инфрақұрылым саласын дамытуға бағдарланғанын айтты. Тұрғындарды жұмыспен қамту жөніндегі қабылданған шаралар нәтижесінде жалдамалы жұмысшылардың саны 2011 жылмен салыстырғанда биыл 2,3 пайызға артқан, өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар қатары 14,2 пайызға азайған. Қазір 51 адам өкілетті органдарда жұмыссыз ретінде тіркелген. Бағдарлама жүзеге асырылған күннен бастап жұмыссыздар саны 2011 жылмен салыстырғанда 55,3 пайызға кеміген.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp