Облыс орталығынан Бескөл ауылына қарай темір жол көпірі арқылы өте берістегі сол қапталда, Явленка тас жолы көшесінде орналасқан кәсіпкерлік құрылымды “Радуга” ЖШС деп атайды. 1993 жылдан бері бизнестің сауда-саттық түрлерімен және өзіндік өнім шығарумен айналысатын серіктестікті ағалы-інілі Шарапаевтар басқарады. Осы жылдар ішінде Дмитрий мен Петр Анатольевичтер мемлекеттің қолдауы арқасында екінші деңгейлі банктерден қомақты кредит алып, өздерінің өндіріс орындарын кеңейте түсуде. Олар биыл ғана екі қомақты жобаны жүзеге асырып отыр.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Әке ісі – балаларының қолында
– Менің әкем Анатолий Михайлович кезінде Бескөл ауданына қарасты “Андреев” кеңшарында партия ұйымының хатшысы, кейін Бескөл аудандық (қазіргі Қызылжар ауданы – Н.Ш.) атқару комитеті төрағасының орынбасары – аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы болып ұзақ жыл еңбек етті. КСРО тараған кезде әкеміздің құдайдай сеніп жүрген жоспарлы экономикасы құлдырап кетті де, жоспарлау органдарына білікті экономист қажет болмай қалды. Сол тоқырау кезінде әкем отбасысымен бірге (ішінде біз де бармыз) Ресейдің Челябі қаласы маңындағы туыстарына сапарлап барды. Дастарқан басында, оңаша сәттерде ағайындарымен ақылдаса келіп, Қызылжар өңірінде Ресей өнімдерімен сауда жасауға болатындығына әкем көз жеткізді. Соның нәтижесінде 1993 жылы 18 қаңтарда Ресей-Қазақстан бірлескен кәсіпорны дүниеге келді. Біздің тараптан әкем екеуіміз құрылтайшы болдық. Кейін Ресей жағы істен кетті де, фирмада өзіміз қалдық. Әкем атын қойған біздің “Радуга” ЖШС осылай дүниеге келді, қыр-сырын анық біле-бермейтін жеке кәсіпкерлікті осылай бастадық, – дейді серіктестіктің бас директоры Дмитрий Шарапаев.
Алғашында аты дардай серіктестіктің тізе бүгіп отыратын кеңсесі де болмаған екен. Бәрі бірте-бірте құрала бастаған. Сол жылы М.И. Калинин атындағы зауыттың қоймасын, бір цехын, кеңсесін жалға алып, 29 мамырда майлы сырдың алғашқы партиясын әзірлеп шығарады.
Әкелі-балалы Шарапаевтар серіктестік құрған кезде облыс орталығында саңырауқұлақтай көбейе бастаған сауда орындары, оның ішінде көпқабатты үйлердің бірінші қабатында жарыса ашылып жатқан дүкендер тұтынушылар одағы құрдымға кеткендіктен, бір орталықтан жабдықталмайтын. Олардың күнбе-күн қажет етілетін тұрмыстық, азық-түлік тауарлары түрлеріне жұтаңдығы анық байқалатын. Сондықтан “Радуга” серіктестігі Ресейде өндірілетін электр бұйымдарын, тұрмыстық және шаруашылық тауарларын, түрлі-түсті сырлар мен лактарды, сан түрлі тұсқағаздарды, күнбе-күн тұтынатын азық-түлік пен басқа да қажетті дүниелерді Челябі қаласынан тасымалдап, Петропавлда көтерме саудамен айналысатын алғашқы орталықтардың біріне айналды. Күні бүгінге дейін солай.
– Бұл алыпсатарлық кәсіп бизнесіміздің бір саласы болып әлі де қала береді. Себебі, біз саудалайтын тауарлардың барлығы өз елімізде өндірілмейді. Сондықтан оған сұраныс бар. Осы жолмен біз біраз тәжірибе жинақтадық. Тұтынушыларға қандай тауарлардың қажет екендігін және оның қандай көлемде өтімді болатындығын түсіне бастадық. Соған орай әртүрлі салада әрекет етуге кірістік. Алғашында шетелдік қондырғы сатып алып, “Император” макаронын шығаратын желіні іске қостық. Кейін оның тиімсіздігін байқап, бұл цехты мүлдем жауып тастадық. Оның орнына балаларға арналған әртүрлі салмақта жүгері таяқшаларын, дәмді попкорн шығаруды жолға қойдық. Бұдан кейінгі басымдық беріп отырған саламыз – жоғары және 1-ші сұрыпты ұн-дарды “Император”, “Добрая” деген атаумен 2, 5 және 10 килолық орамаларда шығару. Бұл да бүгінгі күні жолға қойылған шаруа әрі тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие өнім деп есептейміз. Бұл өндіріске Ботагөз Құлданова басшылық жасайды. Өнім көлемі бір айда ақшаға шаққанда 50-60 млн. теңгеден өспесе, кеміп көрген емес. Біздің 50,100,150, 200 грамдық салмақта жылтыр орамада шығарылатын қуырылған “Добрая” шекілдеуігіміз де өзіндік құнын артығымен ақтайды. Тек осы цехта ғана 20-25 адам тұрақты түрде еңбек етеді, – дейді Дмитрий Анатольевич.
1997 жылы “серіктестіктің атасы” атанып үлгерген Анатолий Михайлович отбасысымен, оның ішінде көпей ұлымен бірге Челябі маңындағы ағайындарына қоныс аударып, бизнесті әрі қарай дамытуды Дмитрий мен Петрге тапсырыпты. Содан бері ағалы-інілі жас кәсіпкерлер бірі бас директор, екіншісі директор болып, “бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара” әкелері бастап берген істі әрі қарай жалғастырып келеді.
Компанияның екінші өндіріс базасы
Бескөл ауылындағы “Сельхозэнерго” кәсіпорны орналасқан кең аумақ осыдан он жыл бұрын қаңырап бос қалған болатын. Ондағы екі қабатты ғимарат та баспана боларлық күйден айрылған. Соны “Радуга” ЖШС сатып алып, мемлекеттің қолдауымен екінші деңгейлі банктерден берілген кредитпен біртіндеп іске қоса бастады.
Осында алғаш рет қуырылған шекілдеуік шығаратын цех өз жұмысын бастады. Екі қабатты ғимарат серіктестіктің кеңсесі ретінде күрделі жөндеуден өткізілді. Онда қазір кеңсе, шағын мәжіліс залы, 30 орындық асхана, серіктестіктің “Радужная” ақпараттық газетінің редакциясы, жанға жайлы 4 орынды қонақүй орналасқан.
“Г” тәріздес ұзыннан-ұзақ ғимарат таттанбайтын ақ қаңылтырмен қапталып, жаңадан салыныпты. Онда полимерлі тұрмыс қалдықтарын өңдеп, пластмасса бұйымдарын шығаратын цехтар, дайын өнімдер қоймасы, жұмысшыларға арналған тынығу, душ бөлмелері, бу қазандығы жабдықталған.
– Облыс орталығындағы “ПАМЖЗ” АҚ-да пайдаланылмай тұрған пластмасса бұйымдарын жасайтын 4 қондырғыны сатып алып, осыдан 3-4 жыл бұрын іске қосқанбыз. Заманауи станоктар емес. Оған қажетті шикізат жағынан да тәуелді болдық. Сондықтан “Қазақстан Халық банкі” АҚ арқылы 1 млн. АҚШ доллары көлемінде кредит алып, “Өзіндік өнімдерді тасымалдау үшін автокөлік құралдары паркін кеңейту” және “Полимерлерді екінші қайта өңдеуге арналған өндірісті жаңғырту” жобаларын қолға алдық, – дейді Дмитрий Шарапаев.
Кредит германиялық және қытайлық полимер өнімдерін шығаратын заманауи 6 станок және машина паркіне өзіндік өнімдер тасымалдайтын көліктер алуға жұмсалған. Ағайынды кәсіпкерлердің бұл бастамасына облыс әкімдігі тарапынан мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Таяуда облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Өңірлік үйлестіру кеңесі екі жобаның 25,5 млн. теңге көлеміндегі 7 пайыздық сыйақысын 3 жыл бойы мемлекеттік бюджеттен жәрдемқаржыландыру туралы шешім қабылдады. Екі жоба 15 жаңа жұмыс орнын ашуды қарастырады.
Бүгінгі күні өндіріс орнында Петропавлдағы тұрмыс қалдықтары полигонынан сатып алынатын және Астана сияқты қалалардағы тұрмыс қалдықтары зауытынан әкелінетін шикізаттарды кептіретін, өңдейтін, одан полимер түйіршіктерін шығаратын желі жұмыс істейді. Дайын полимер түйіршіктері қажетті түске боялып, пластмасса бұйымдарын жасайтын цехта шикізат ретінде пайдаланылады.
– Бізде дайындалған полимер түйіршіктеріне өзімізден басқа, сырттан да сұраныс бар. Екіжақты келісім бойынша қапталған өнімдеріміз “Радуга” ЖШС маркасымен Ресейдің Саранск, Нижнекамск, Омбы қалаларына экспортталады,– дейді компания басшысы. Дмитрий Анатольевичтің айтуына қарағанда, өндіріс цехында полимерден тұрмысқа қажетті 40-тан астам бұйым түрлері шығарылады. Тек сан түрлі өрнекті, түрлі түсті “полимер төсеніш” қана 8 түрлі көлеммен сауда орындарына жөнелтіледі. Киім ілгіш, тұрмыстық шелек пен шаралардың бірнеше түрі, күрек, балаларға арналған шаналардың екі түрі, балықшылар шанасы, қарда жүргіш тіркемесі, 50, 100, 150, 200 метрлік полимер пленкалары, айта берсе, толып жатыр. Облыс орталығында жеке кәсіпкерлердің жазғы дәмхана-шатырлары жанына, табиғатта өтетін мәдени шаралар кезінде қойылып жүрген биодәретханалар да осы серіктестіктің өнімі.
– Біздің полимер цехымызда өндірілетін биодәретханалардың өзіндік құны ресейлік өнімнен екі есе арзан. Оған қажетті шикізаттың өзімізде әзірленетіндігі оның бағасына әсер етіп отыр. Полимерлерді екінші қайта өңдеуге арналған өндірісті іске қосу, өнім түрлерін көбейту, соған орай заманауи станоктар сатып алу және жаңа технологияны меңгеру үшін Қытайға өзім үш рет барып келдім, жаңа қондырғыларда жұмыс істейтін операторларды арнайы курстардан өткіздік, – дейді Дмитрий Анатольевич.
Серіктестіктің өндіріс орындарында 200-ден астам адам еңбек етеді. Негізін бескөлдіктер құрайды. Облыс орталығынан келіп істейтіндерге арнайы автобус бөлінген. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгенің үстінде.
Компания өнімдері ЖШС-нің Абай және Төле би көшелері қиылысындағы “Радужная” әмбебап дүкенінде саудаға түседі, коммерциялық бөлім арқылы облыс аумағындағы, оның ішінде Петропавл қаласындағы сауда орындарына, республикамыздың үлкен қалаларына жөнелтіледі.
Өткен жылы өндірістік базаға компьютермен басқарылатын германдық “Heizomar” қазандығы орнатылыпты. Ол отын ретінде ағаш жаңқаларын тұтынады.
– Жаңа қазандыққа отын дайындалған учаскелерде тау-тау болып үйіліп жататын ағаш қалдықтарын пайдаланамыз. Оларды өз базамызда арнайы ұсақтайтын қондыр-ғымыз бар. Суық күндері қазандыққа 5 текше метр жаңқа кетеді, ол 5 мың шаршы метр аумақты жылыта алады. Өндіріс орнымыз осы жылу жүйесіне қосылған. Мұндай қондырғы облыс орталығындағы “Леонтьев” ЖШС мен бізде ғана бар. Оны бір адам ғана басқарады,– дейді қазандық операторы Александр Христофориди.
Тауарларды бұлдап өткізу – нарық талабы
Коммерциялық бөлім “Добрая рать” брендімен жұмыс істейтін компанияның жүрегі саналады. Тиімді әріптестік байланыс орнату, екіжақты қолайлы келісімшарт жасау, тауарлардың үзіліссіз жөнелтілуін қамтамасыз ету, оған жақсы акция ойлап тауып, нарыққа шығару жұмыстарымен осы құрылым айналысады. Оның құрамында тауар логистикасы, брендменеджерлер, маркетинг қызметтері жұмыс істейді. Оны коммерциялық директор Елена Купцова басқарады. Бөлім құрылған 2005 жылдың тамыз айында “Радуга” ЖШС-нің Петропавл, Қарағанды және Павлодар қалаларында ғана филиалы болыпты. Қазір ол Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Қостанай, Екібастұз, Шымкент, Көкшетау қалаларын да қамтиды.
Серіктестіктің 160 техникадан тұратын машина-трактор паркі бар. Олар – Ресейде, Белоруссия мен Қытайда шығарылған заманауи техникалар.
– Компаниямызда жалпы саны 1500 адам еңбек етеді. Олардың нәтижелі жұмыс істеуіне қолдан келген жағдайды барынша жасап жатырмыз. Ынталандыру шараларына ерекше көңіл бөлеміз. Мысалы, Петропавлдағы коммерциялық және тауар сату бөлімдері сауда өкілдері, супервайзерлер, операторлар мен жеткізіп беру қызметтерінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын шығарып, алғашқы үш орынды еншілеген Виталий Глуховты, Зарина Давлитгирееваны, Евгений Фидинскийді тиісінше 120, 70 және 50 мың теңгелік ақшалай сыйлықпен марапаттадық. Компанияның 20 жылдығына байланысты кең көлемді шаралар өткіздік. Соның бірі – шағын футболдан өткен жарыс. Оған филиалдардың 7 командасы қатысты. Нәтижесінде Семей филиалының футболшылары – чемпион, қарағандылықтар күміс жүлдегер атанды. Жарыс барысында үздік қақпашы, үздік ойыншы да назардан тыс қалған жоқ, – дейді серіктестіктің бас директоры Дмитрий Шарапаев.
Алдағы уақытта серіктестік полимерлі тұрмыс қалдықтарын жинауға арналған арнайы орама жасауды, полимерден өндірілетін тауарлар түрлерін көбейте түсуді, өз тауарларын өткізуге арналған қосымша сауда орындарын ашуды, дайын бұйымдарымен Ресей нарығына шығуды мақсат етіп отыр. Осының бәрі қолдарынан келетіндігін компанияның бүгінгі аяқ алысынан да байқауға болады.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.