«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА СЕРПІНДІ ӨНДІРІСТЕРДІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Іс-шара аясында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2013 жылы пайдалануға берілген инвестициялық жобалар тұсаукесеріне арналған жалпыұлттық телекөпір ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы онлайн режімінде жұмыс істеп тұрған нысандардың жұмысымен танысты және тағы 10 жаңа жобаның іске қосылуына рұқсатын берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде республика индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші бесжылдығын іске асырудың соңғы сатысына қадам басқанын атап өтті.

– Кейінгі 4 жылда 500-ден астам серпінді жоба іске асырылып, 60 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландырудың заңнамалық базасы қалыптастырылып, үнемі жетілдірілуде. “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Өнімділік – 2020”, “Экспорттаушы – 2020” және басқа да бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бүкіл бизнеске жеке бастамаларды мемлекеттік қолдаудың жүзге тарта құралдары ұсынылуда. Темір жол саласы бойынша машина жасауды дамыту жөнінде көп жұмыс атқарылуда. Ел тарихында алғаш рет электровоздар, тепловоздар, жолаушылар мен жүк вагондарын құрастыру ісі жолға қойылды. Автомобиль өнеркәсібі дамып келеді. Мұндай серпінді өндірістер Қазақстанда бұрын болған жоқ. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, барша қазақстандықтардың жеңісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұл жұмыстар экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталғанына тоқталды.

– Іске асырылып жатқан шаралардың арқасында 2013 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 6 пайыз деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Инфляция – 5 пайыздан, жұмыссыздық 5,2 пайыздан аспайды. Жалпы, елімізді индустрияландыру үдерісі өте жақсы бастау алды. Қазір 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған индустрияландырудың екінші бесжылдығы жобасымен жұмыс жүріп жатыр. Бірінші бесжылдықтың тәжірибесін ескере отырып, біздің бұдан кейінгі қадамымыз нақты сараланған және дәл есептелген болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев екінші бесжылдықтағы міндеттерді айқындау кезінде барлық жобаның сапасына, тиімділігіне және өзара байланыстылығына ден қойған жөн екендігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті атап өткендей, Үкімет инвестиция тартудың нақты жоспарын жасап, іске асыру үшін ұсынылған әрбір жобаны тыңғылықты елеп-екшеуге тиіс.

– Оның басымдықтарын дәл анықтау керек. Бірінші кезекте, бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейін қамтамасыз ете алатын салаларды дамытқан жөн. Мұнай-газ және тау-кен саласындағы машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс материалдарының өндірісі, агроөнеркәсіп кешені осындай сектор бола алады. Осы секторлардың айналасында қосалқы кәсіпорындар желісі құрылуы мүмкін. Солардың көмегімен шикізатты дайын өнімге дейін жеткізу қажет. Бұл – шағын және орта бизнес үшін де керемет мүмкіндік. Біз тәжірибе мен білім және жаңа технологиялар алу арқылы отандық инновацияны өзіміз құра аламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі салалардағы өсімнің жоғары қарқынын сақтап қана қоймай, олардың өнімді өңдеуге мамандануын қамтамасыз ету қажеттілігіне де назар аударды.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнесті әрі қарай дамытуды негізгі стратегиялық мәселе ретінде атады.

– Табысты мемлекеттер шағын жекеменшік кәсіпорындардың өсіп, орта деңгейге, кейін ірілердің қатарына өтуі үшін барлық жағдайды жасауда. Қазақстанға да осы жолдан өту керек деп есептеймін. Жас қазақстандықтар осы жөнінде ойлануы керек. Бізде бизнеске қолайлы орта қалыптастыруда айтарлықтай жетістіктер бар. Елімізде шағын және орта бизнестің 800 мың субъектісі қызмет етеді. Экономиканың осы секторында 2,4 миллион қазақстандық жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемі соңғы бес жылда 1,6 есеге – 2008 жылғы 4,9 миллиард теңгеден 2012 жылы 8,3 миллиард теңгеге дейін өсті. Сондықтан бүгін шағын және орта кәсіпкерліктің рөлін жаңаша бағалау маңызды. Экономика үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның дамуы үшін де. Шағын және орта бизнес – лайықты жаңа жұмыс орындары, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің қоғамда жекеменшік дәстүрі әлі берік еместігін, ал оның құқықтық негізі жетілдіруді қажет ететінін атап өтті.

– Жалпы алғанда, қазір шағын және орта бизнестің дамуы үшін сөз бен жария бағдарламалар ғана қажет емес. Мейлінше терең стратегиялық қадамдар қажет. Жекеменшік институтын нығайту үшін кешенді шешімдер керек. Біздің заңнамаларымызға Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуын тежейтін нормаларды алып тастау тұрғысынан тез арада ауқымды ревизия жүргізу қажет. Бұл орайда кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы жетекші рөл атқаруы тиіс. Бүгінгі Үкімет үшін осы секторды дамыту абыройлы іс болып саналады. Бизнестегілердің саны жыл сайын артуы және кәсіпкерлік нысандарын көбірек ашу үшін мұны өз жұмыстарыңыздың өзегіне айналдырыңыздар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ екінші бесжылдық жоспарының міндеттерін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасымен толық үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.

– Шағын және орта бизнес қазір салынып жатқан жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуы тиіс. Бұл – Үкіметтің, Ұлттық палатаның, кәсіпкерлер мен барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті. Бизнеске жүргізілген заңсыз тексерістер үшін шенеуніктерді жазалауды қатайту жөнінде қосымша шаралар қолдану маңызды. Бас прокуратура бұл тұста әлі өз жұмысын толық орындап отырған жоқ. Тек 2013 жылдың 9 айында ғана 140 мың тексеріс жасалған. Оның жартысынан көбісі – жоспардан тыс, ондай тексерістер жүргізуге негіз бар екендігі туралы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жалған хабарламалары үшін өткізілген тексерістер. Жазған адамның аты-жөні көрсетілмеген хаттар қаралмасын деп мен айттым ғой, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі жанынан бизнесті одан әрі дамыту үшін барлық қаралған мәселелер бойынша заңнамалық базаға ревизия жүргізу жөнінде арнаулы комиссия құру, салықтық жеңілдіктер жасау және әкімшілік кедергілерді жою қажеттігі туралы айтты.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті құқық қорғау органдарына, соның ішінде Бас прокуратураға бизнеске тексеріс жүргізуге жалған негіздеме жасау жайттарын сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа теңестіру үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестегі банкроттықтың жолға қойылған жүйесін жасауды тапсырды. Ол ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге перспективалы салаларды таңдау тұрғысынан қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

– Менің тапсырмам бойынша жаңа бастаған бизнесмендерге арналған “Әрбір қазақстандық үшін шағын бизнестің қарапайым 100 түрі” нұсқаулығы дайындалды. Онда қазіргі біздің қоғамда сұранысқа ие бизнес-идеялар бар. Олар мүдделі әрі еңбекқор жандарға жұмыс және өсіп отыратын кіріс береді. Бүгінде Қазақстанда 500 мыңнан астам көпбалалы ана, 600 мыңнан астам мүгедек, 570 мыңға жуық студент және 1,7 миллиондай зейнеткер бар. Бұл оқу құралы соларға арналған. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсету – игі іс. Бұл – әрбір министрлік үшін міндет, ірі, орта және шағын компаниялар үшін менің өтінішім болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айтылған жайттар негізінде Мемлекет басшысы Үкіметке 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Индустрияландырудың 2015-2019 жылдар кезеңіне арналған екінші бесжылдығы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса, сол мерзімге қарай Үкімет экономикадағы дәстүрлі салаларды дамытудың бесжылдық жоспарларын да дайындауы тиіс.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев “Алтын сапа”, “Қазақстанның үздік тауары” және “Парыз” конкурстары жеңімпаздарын құттықтап, бұл марапаттар отандық кәсіпкерлікке оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халқымыздың әл-ауқатын арттыруға қосқан қомақты үлесін бағалай отырып, үлгі тұтарлық жетістіктері үшін берілгенін атап өтті.

Сөзін аяқтаған соң Мемлекет басшысы “Парыз” конкурсының Гран при жүлдесін “Өскемен титан-магний комбинаты” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы С.Гелерге, “Алтын сапа” конкурсының арнаулы “2013 жылдың өндірістегі үздік инновациялары” жүлдесін “ENRC” компаниясының акционері А.Машкевичке, “Алтын сапа” конкурсының арнаулы “2013 жылдың үздік индустриялық жобасы” жүлдесін “СарыарқаАвтоПром” ЖШС директорлар кеңесінің мүшесі А.Лаврентьевке тапсырды.

Akorda.kz.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp