Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ұлттық банктің облыстық филиалында өткен жиында бір топ қаржы және жергілікті билік органдары саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне “Теңгеге 20 жыл” мерекелік медальдары тапсырылды. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген филиал директоры Жомарт Қажырахымов мұндай құрметке еліміздің Ұлттық валютасы – теңге айналымға енген жауапты кезеңде оған атсалысып, септігін тигізген жандардың ие болып отырғанын айтты.
Мерекелік медальдармен облыстың бұрынғы басшыларының бірі, зейнеткер Құдайберген Қалиев, облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Марат Мұстафин, қаржы саласының ардагерлері Григорий Полищук пен Зияда Бекназарова, “Ресей Жинақ банкі” АҚ филиалының бас бухгалтері Нығмет Досқұмбаев және “БанкЦентрКредит” АҚ филиалының бас бухгалтері Шолпан Қазбаева марапатталды. Марапатталғандар атынан сөйлеген Марат Мұстафин өзінің теңге айналымға түскен кезде Арқалық қаласының әкімі қызметін атқарып, осынау жауапты істе ұшан-теңіз жұмыстар атқарғандарын еске алып, сол еңбектерінің ұмытылмай, бүгінде осындай құрмет көрсетіліп отырғанына алғысын білдірді.
Салтанатты шарадан кейін жиналғандарға Ұлттық банктің таяуда айналымға шығарылған бір мың теңгелік жаңа банкнотасы көрсетілді. Күлтегін көне белгілерімен өрнектелген жасыл түсті жаңа ақшаның дизайны халықаралық көрмелерде озып шыққан бес және он мың теңгелік ақшалардан кем емес.