Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры облыстық
филиалының менеджері.
Бағдарлама іске кіріскеннен бері “Даму” қорының облыстық филиалына өз ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлерден “Даму – Көмек” бағдарламасы аясында қайырымдылық көмек сұраған 44 өтінім түсіп, оның 36-сы бүгінде қанағаттандырылды. Солардың ішінде жуырда “Даму” қорының облыстық филиалында қайырымдылық көмегін алған мүмкіндіктері шектеулі ықтимал кәсіпкерлер Берік Байжанов пен Раиса Бекмағамбетова бар. Оларға жеке кәсіпкер Сергей Сокирко демеушілік жасады.
Мүгедек жандар бастағалы отырған тігіншілік істің жалықпай еңбек етуді және шыдамдылықты ғана емес, қыруар қаржы салуды да қажет ететіні Сергей Николаевичке мәлім. Өйткені, ол өзі де осы іспен айналысып, бас киімдер тігетін ателье ұстайды.Ол өзі сияқты кәсіпкерлік жолды қалаған Берік пен Раисаға қол ұшын бергенді жөн көрді. Берік бала кезінен сал ауруына ұшыраған 1-ші топтағы мүгедек, ол шешесімен бірге үйінде ұлттық бұйымдар тігумен айналысады. Өткен жылы “Жұлдыздарға көз сал” қайырымдылық байқауының грантына қол жеткізіп, соның арқасында жаңа тігін машинасын және тігін жабдықтарын алған еді. Тек қазақы көрпе тігу үшін оған қажетті мата сатып алуда қиындық туындады. Енді көрсетілген демеушілік көмектің арқасында керекті маталарын алып, өзінің тігіншілік ісін дамыту мүмкіндігіне ие болды.
Ал Раиса болса жұмыс орнында жарақат алғандықтан, өмір сүруге өзінше үйренуіне тура келді. Қысылғаннан оған үйінде іс тігу ойы түседі. Оның сату үшін және тапсырыс бойынша тігетін қазақы бұйымдарының түрі көп. Ол “Даму – Көмек” бағдарламасы туралы естіп, өзінің шағын тігін өндірісін дамытуға қажетті матаны сатып алуға көмек сұрады. Сөйтіп, қолы жеткен демеушілік қаржыға ұлттық үлгідегі қалта, қоржын бұйымдарын тігетін материалдар алды.
– Өзімнің шағын тігін ательемді ашқым келеді. Маған көрсетілген демеушілік көмек үшін шын көңілден алғыс айтамын. Осындай мүгедек кәсіпкерлерді қолдайтын бағдарламалар көбейе түссе екен, – дейді Раиса Файзоллақызы.
Осы мүгедек кәсіпкерлерге демеушілік жасаған “Сокирко С.Н.” жеке кәсіпкерлігі өзінің тігін кәсіпорнын дамытудағы негізгі табыс факторларының бірі мемлекеттің қолдауы, атап айтқанда, компанияның “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысуы болып табылғанын айтады. 2013 жылдан бастап жеке кәсіпкерлік ұжымы “БанкЦентрКредит” АҚ-дағы кредиті бойынша демеуқаржы алады, ал қазан айында Сергей Николаевич “Іскерлік байланыстар” жобасы бойынша оқудан өтті. Мүгедек кәсіпкерлерге жасаған демеушілік көмегі үшін компанияға “Даму” қоры облыстық филиалының Алғыс хаты тапсырылды.