Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Түркияның Самсун қаласында ҚР Түркиядағы Елшілігінің және халықаралық “ТҮРКІСОЙ” ұйымының Бас хатшылығының қолдауымен Самсун опера және балет театрында “Біржан – Сара” операсы түрік тілінде қойылды.
Шараның ашылу салтанатында елші Ж.Түймебаев көрермендерді Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері жөнінде хабардар етті. Сонымен қатар елші қазақстандық өнер және мәдени мұра әлемдік рухани байлығының бөлшегі болғандығын баса айтып, Самсун опера және балет театрының басшылары мен ұжымына аз уақыт аралығында “Біржан – Сара” операсын түрік тілінде сәтті қойғандары үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Түркиядағы қазақ операсының сахналандыруына зор үлесін қосқан “ТҮРКІСОЙ” халықаралық ұйымының бас хатшысы Д. Қасейіновке ерекше алғысын білдірген болатын.
Аталмыш шараға Самсун провинциясының губернаторы Хусейн Аксой, Самсун университетінің ректоры, Қаратеңіз аймағының бизнесмендер қауымдастығының КАСИАД басшысы, жергілікті муниципалитеттер басшылары, саяси, қоғамдық, мәдениет өкілдері қатысқан болатын.
Опера көрсетілімі үлкен аншлагпен өтті, театр залы көрермендерге толы болып, әртістердің көрсеткен өнерлеріне көрермен қауым үлкен ризашылық білдірді, бұл өз кезегінде шетелде қойылған тұңғыш қазақ операсының үлкен қошеметке ие болғандығының көрсеткіші болды.
Самсун провинциясының губернаторы да өз сөзінде Қазақстан тарихы мен мәдениеті бай мемлекет екендігін баса айтты.
“Бауырлас халық және Қазақстан басшылығы өзінің тәуелсіз жас мемлекет екендігіне қарамастан, тек экономикалық, сыртқы саясат бағытында ғана емес, сондай-ақ мәдениет және өнер салаларында үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік қоғамдастыққа ашық көрсеткен болатын. Қазақстан жалпы әлемдік өнер қазынасына зор септігін тигізіп отырғандығын да айта алар едім”, – деді губернатор Х.Аксой.
“ҚазАқпарат”.