«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРҒЫЗ АЗАМАТЫНЫҢ ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАРҒА АЛҒЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Адамның адамгершілігі кей сәтте кездейсоқ қиын жағдайға тап болып қалғанда да танылып жатады. Қараша айының бір күні бауырлас ел – Қырғызстанның Боткен қаласынан Жаныбай Жарыбеков деген азамат облыстық Ішкі істер департаментіне келді. Оның сонау жақтан әдейілеп келгендегі мақсаты қазір өзі есімдерін жатқа білетін полиция қызметкерлеріне ризашылыққа толы алғысын білдіру еді.

… Жағдай былай болған: үстіміздегі жылдың көктем айында облысымыздың Аққайың ауданында Астана – Петропавл автожолының 424 шақырымында үлкен жол апаты болған. Сол тұста жолай Аралағаш ауылы орналасқан. Қырғызстан азаматы – “Мерседес Е 220” автокөлігінің жүргізушісі – қарсы бағыттағы жолға шығып кетіп, бірнеше тонна қиыршық тас артылған жүк машинасымен соқтығысқан.

Мұндайда жол-көлік апатының салдары неге апарып соқтыратыны түсінікті емес пе? Қайғылы оқиғаға жол берілген. Жеңіл көліктің жүргізушісі сол жерде жан тапсырған. Оның жанындағы түрлі дене жарақаттарын алған үш ересек адам мен екі жас бала ауруханаға жеткізілген.

Оқиға орнына жеткен Аққайың аудандық Ішкі істер бөлімі Жол полициясы бөлімінің бастығы, бүгінде АІІБ-і бастығының орынбасары қызметін атқаратын Тұрсынбек Шайсұлтанов осынау қиын жағдайдан хабардар ету үшін жоғарыда есімі аталған Жаныбай Жарыбековке Мәскеу қаласына телефон шалады. Бір сөзбен айтқанда, телефон ғана шалып қоймайды, оны қарсы алуды ұйымдастырады, Смирново ауылына жеткізеді, тамақтандырып, орналасуына көмектеседі. Елгезек жігітіміз осы жасаған көмегім қанағат емес пе деп, онымен де шектелмеген. Жаныбайды аудандық ауруханада жатқан анасына, одан кейін облыстық балалар ауруханасында жатқан әйелі мен балаларына жеткізген. Жапа шеккендердің тиісті ем алуларына қатысты мәселелерді де өзі араласа жүріп оң шешкен. Аяқасты қайғылы жағдайға душар болған Жаныбайға сол күндері аудандық Ішкі істер бөлімінің Жол полициясы қызметкерлері жанашырлық көрсетіп, ағасының мәйітін еліне жеткізуге де көмек қолдарын созған.

– Менің облыстық Ішкі істер департаментіне келуіме жоғарыда аталған аудандық Ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің туғандарым, бауырларым тап болған қиын жағдайда жасаған адамгершілікке, ізгілікке толы іс-әрекеттері себеп болды. Бізде де “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген мақал бар. Олай болса, осы жігіттерге жүрек түкпірінен шыққан шынайы ыстық ықыласымды білдіремін. Сондай-ақ ерекше алғыс сөзімді менің туыс-бауырларымды аяқтарынан тұрғызған абзал жандарға айтқым келеді, – дейді Жаныбай Жарыбеков.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp