Тәуелсіздігіміздің жиырма екі жылдығын мерекелеу аясында тамаша адам, Қаржы полициясы органдарының ардагері Қабидолла Жартанов туралы сөз қозғағым келеді. Биыл асқаралы 60 жасқа келген Қабидолла Қалиханұлы өзі туған Айыртау ауданына ғана емес, өңірімізге және Ақмола облысына да танымал. Ол мұндай дәрежеге Ішкі істер және Қаржы полициясы органдарындағы адал қызметімен жетті, қиын экономикалық және қаржы қылмыстарын ашумен айналыса отырып, бірқатар талантты жедел қызметкерлерді тәрбиелеп шығарды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қабидолла Жартанов 31 жыл бойы ұзақ та қызықты еңбек жолын еңсерді, соның жиырма бес жылын қылмыспен күреске арнаған. 1978 жылы Петропавл индустриялық-педагогикалық техникумын аяқтаған соң бұрынғы Көкшетау облысындағы Володар ауданының “Сырымбет” кеңшарындағы комсомол ұйымының жолдамасымен сол ауданның Ішкі істер бөліміне қызметке алынады. Көп ұзамай басшылықтың назарына ілігіп, социалистік меншікті жымқыруға қарсы күрес жөніндегі инспектор лауазымына тағайындалады. Сол сәттен бастап ол мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін қорғауға белсене кіріседі. Инспектор оқуда алған білімін тәжірибеде дұрыс пайдалануға бар күш-жігерін салады. Әрине, жас маманды бастапқыда көп мәселе мазалайды, мәселен, ол тергеу әрекеттерін жүргізуде, күдіктімен сөйлесуде қиналады. Бірақ жігерлігінің, еңбекқорлығы мен өз ісіне деген адалдығының арқасында кәсіби шеберлікке қол жеткізеді.
Түрлі атауларға ие болып, қайта құрудан өткен социалистік меншікті жымқыруға қарсы күрес жөніндегі бөлімнің негізгі міндеті әр уақыт экономикалық қауіпсіздікті сақтау болып қалады. Қабидолла Қалиханұлы 1983-1995 жылдар аралығында Володар және Арықбалық аудандарында экономикалық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі қызметті басқарады. 90-шы жылдардың басында еліміз қылмыстың жаңа түрі – салық саласындағы қылмысқа тап болады. Онымен күрес оңайға соқпайды. Біріншіден, бұған аталмыш қылмыс түрінің беймәлім тұсы себеп болады. Екіншіден, олардың әрқайсысының артында қомақты ақша тұрады, үшіншіден, заңнаманың жетілмеген жағдайында қылмыскерлер салық төлеуден жалтарудың заңсыз жолдарымен бірге заңды тұстарын да пайдаланды. Нарықтық қайта құрудың алғашқы айларында-ақ құқық қорғау өкілеттігіне ие арнайы күш құрылымының көмегімен ғана қылмыстың бұл түріне қарсы тұру мүмкін болды. Сөйтіп, 1994 жылғы Үкімет қаулысы негізінде ІІМ офицерлерінен тұратын салық милициясы құрылды. Бір жыл өткен соң Қабидолла Жартанов Володар ауданы бойынша салық милициясының ауданаралық бөлімін басқаруға бекітілді.
2001 жылдан бастап Қаржы полициясы жеке құрылым ретінде құқық қорғау органының барлық негізгі құқықтарына ие болды. Мұндай өзгеріс аталмыш саладағы іс-әрекеттердің нәтижелілігіне оң әсерін тигізді. Осындай мемлекеттік қызметте жүріп, Қабидолла Қалиханұлы өзіне жүктелген сенімді толығымен ақтады. Өзінің әдептілігі мен біліктілігінің арқасында әріптестері арасында құрметке ие болды. Қиын да шиеленіскен істерді жүргізген кезде жоспар құрып, әр уақыт қылмыскерлердің кінәсін дәлелдей білді. Ардагер – қол астындағы қызметкерлері үшін тапсырылған іске кәсіби білікті және адал қарым-қатынаста болуда ғана емес, сонымен қатар олардың әрқайсысының тағдырына бей-жай қарамауда үлгі болған адам. “Жас мамандарды тәрбиелеу ісіне бейжай қарауға болмайды. Басшы өзінің қол астындағыларды жақсы білуі тиіс, қиын жағдайларда оларға уақтылы көмекке келуге даяр болуы керек”, – дейді ол. Өзі де осылай етті. Бірде жас тергеуші қиын отбасылық жағдайға ұшырайды. Жас отбасы сәби баламен бірге жатақхананың бір бөлмесінде тұрып жатады. Кеңірек үйді жалдауға жағдайлары жетпейді. Ақыры зайыбы жұбайын органдардан шығып, жалақысы көп қызметке орналасуға көндіреді. Бірақ Қабидолла Қалиханұлының араласуымен полицей өз жұмысында қалып, оның отбасысына тұрғын үй беріледі. Нәтижесінде жас маман бөлімдегі қызметтің барлық баспалдақтарынан өтіп, оны басқаруға дейін көтеріледі.
Қабидолла Жартанов 2001 жылы Қаржы полициясының полковнигі атанды. Оның маман тәрбиелеудегі еңбегі өлшеусіз. Ардагердің шәкірттері Б.Нұртазин, Ж.Қожағұлов, В.Искрижицкий, Т.Төрегелдин ауданаралық бөлімдер мен басқармалардың басшысы лауазымына дейін өскен. Бүгінде олар да зейнет жасында.
Басшы қызметін атқарып жүрген кезінде Қабидолла Қалиханұлы бөлім мамандарын оқытуға көп көңіл бөлген. Олардың әрқайсысына жеке бағдарлама жасады. Заңдылықты қатаң сақтау әр уақыт бірінші орында тұрды. Мамандар басшыларының жеке үлгісімен қылмыстық жауапқа тартылғандардың абыройын таптауға болмайтынын көріп-білді. Ардагер: “Біздің мақсатымыз жазалау емес, алдын алу арқылы адамды қайта тәрбиелеу болып табылады. Міне, мамандар осыған талпыну керек”, – деп, әрдайым тәжірибесімен бөлісіп отырған. Қабидолла Жартановпен бірге қызмет еткен әріптестері оны тек жақсы қырынан таниды. Мәселен, Владимир Искрижицкий тәлімгерінің адал, парасатты және сыпайы жан екендігін айтады. “Ол тәрбиеленушілерінен өз әрекеттері үшін жауапкершілікті талап ететін, әр қабылданған шешімде әділдік пен рух беріктігі болу керек деп үйретті. Әрқайсымыздың бойымызға отансүйгіштік қасиетті дарытты”, – дейді Владимир. Ал Бұлан Нұртазин былай деп ой бөліседі: “Қабидолла Қалиханұлын көптен бері білемін. Ол тек жоғары пікірге лайық адам. Өте жауапты адам: егер уәде берсе, міндетті түрде орындайды. Егер дос болса, одан асқан адал дос жоқ. Тәлімгеріміз алдымен өз-өзіне талапшыл болды. Адамдарды түсінеді, жас мамандарды үйретуге көп еңбек сіңірді”. Бүгінгі күні Қабидолла Жартанов зейнеткерлікке шықса да, жас мамандарды тәрбиелеу ісін доғарған жоқ.
Қызметін адал атқарған жан отбасысына жауапкершілікпен қарайды. Сүйікті зайыбымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсірді. Бүгінгі күні екі немеренің атасы. Ардагердің түрлі наградалары оның адал еңбегінің жемісіндей. 2011 жылы ардагерлер кеңесінің ұсынымымен Қабидолла Қалиханұлы көп жылғы және адал еңбегі үшін “Қаржы полициясы органдарының ардагері” медалімен марапатталды.