«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС БӘЙТЕРЕК ЖАРАСА ЖАЙҚАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйгерім СӘЛІМОВА,

журналист.

Дәйкен Кәрімов – өзі сияқты құрбы-құрдастарымен бірге кешегі кеңестік кезеңде социалистік жарыс көрігін қыздырып, ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, ел ырысын арттыруға тер төгіп, артына айшықты із, өнегелі іс қалдырған азаматтардың бірі. Ол кісінің ұзақ та мағыналы ғұмырында мақтанарлық сәттер көп. Дегенмен, қазыналы қарт “Еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері” атанып, аталмыш құрметті белгіні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан алуын өміріндегі ең басты мақтанышы деп санайды.

Бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне жеткен қарияның еңбек жолы 1953 жылдары басталған. Ол еңбек майданындағы алғашқы жолын есепші, бухгалтер-кассир мамандықтары бойынша сәтті бастап, кейін 1957-1961 жылдары сол кездегі Көкшетау облысының Қызылту ауданындағы Жарқын ауылдық кеңесіне қарасты Борсықбай кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы болып жалғастырады. Кейін ол зейнет демалысына дейін бригадир болған.

– Бригадирлік қызметті оңай шаруа деп айта алмаймын. Ол аса үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ең бастысы басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілетің жоғары болуы керек. Қарамағыңдағы жұмысшыларға да, жұмыс барысына да жауапты адам – бір өзіңсің. Ол кезде бригадада үш-ақ адам жұмыс істейміз: бригадир, техниканың бұзылған тетігін ретке келтіруші және есепші. Десе де, бәріне үлгеруге тырысасың. Шіркін, жастық шақта күш-жігер мен қайрат мол ғой. Қызыға әрі құлшына еңбек етіп, тіпті, шаршаудың не екенін де білмейсің. Еһ, қайран сол жылдар! – деп күрсінген қарт әңгімесін әрі қарай сабақтап: – Таң атысымен жұмысқа кетіп, күн бата үйге ораласың. Тіпті, балаларымды да көрмеймін. Негізінен бала тәрбиесімен айналысқан Қорлан ғой!… – деді.

Дәйкен атаның Құдай қосқан қосағы, жан-жары Қорлан әжей де ел қатарлы еңбек етіп, жұмыспен бірге бала тәрбиесін ұштастыра білген жан. Аяулы жар жұбайы түзде жұмыстың бел ортасында жүрген сәтте шаңырақтың түтінін түтетумен бірге сатушы, аспаз болып адал қызмет атқарып, қоғамға бір кісідей пайда тигізе білді. Әңгіме барысында Қорлан әжей қосағы Дәйкен ата екеуінің өмірінің басым бөлігі Ұялы елді мекенінде өткенін айтты. Бүгінгі күні аудан орталығында тұрып жатса да, туған ауылдарын қатты сағынып, аңсайтындықтарын да жасырған жоқ. Өмірі жайлы баяндаған әжей өздерімен бірге 25 жыл бойы көрші болған ұлты неміс Эмма жайында әңгімелеп, ескі сарғайған суреттерін де назарыма ұсынды.

– Көршімнен көп нәрсені үйрендім. Оның “Бетіңе айран мен сүт жағып жүр, сонда қартаймайсың” деген сөздері әлі есімде, – деп бір жымиып қойды. Қорлан әжейдің еңбекте де адал болғанын айтқан әңгімесінен аңғаруға болады. Өзі аспаз болып қызмет атқарып жүрген уақытта жұмысшылар оның пісірген тамағына алғыстарын айтып, еңбегін жоғары бағалаған екен. Қорлан әжей жұмыстан кейін қолы босай қалғанда сырмақ, терме, алаша тоқып, іс тігумен айналысқанын айтқан кезде еңбекқорлығына таңғалып, осының бәріне қалай үлгерген деп таңданасың. Осындай еңбекқорлығының арқасында әжей “Еңбек ардагері” құрметті атағына ие болған.

57 жыл бойы өмір баспалдақтарынан сүрінбей өтіп, бірге қол ұстаса мағыналы әрі ғибраты мол ғұмыр кешіп келе жатқан Дәйкен ата мен Қорлан әжей құтты шаңырақтарында 6 бала тәрбиелеп, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отыр. Қос қария қазіргі уақытта ұлдары Сәлімжан мен келіндері Салтанаттың қолында тұрады. Ұрпақтарынан 10 немере мен 3 шөбере сүйген абзал қарт пен ақ жаулықты ана үшін қолында өсіп жетіліп келе жатқан қос немересі Сәкен мен Лунара өте ыстық. Әжей бір сөзінде немересі Лунараның өзіне тартқан ән мен биге жақын деп мақтана айтқан болса, ал Дәйкен ата немересі Сәкенді өзінің жолын қуушы, ізбасары деп есептейді. Қарттың бұлай дейтін себебі, Сәкен Астана қаласындағы ауыл шаруашылығы университетінде механик мамандығы бойынша білім алуда. Қария ақ тілегі орындалып, немересінің ата жолын жалғастыратындығына еш күмәні жоқ.

6 балаға абзал ана бола білген Қорлан әжей 2005 жылы “Күміс алқамен” марапатталған. Әңгіме барысында ол:

– Біздің еңбегіміз ескерусіз қалған жоқ. Құдайға шүкір, осы күнге жеткенімізге мың тәубе, – деді. Әйтсе де, қариялардың жергілікті билікке өкпеназы да жоқ емес. Дәйкен ата жергілікті әкімдіктен бірнеше рет үй сұрап барса да, оның бұл өтініші ескерусіз қалған екен. Қос қарияның айтуына қарағанда, олардың бүгінде тұрып жатқан үйлері тар көрінеді.

 Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp