«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

12 БАЛАНЫҢ АНАСЫ, 28 немеренің әжесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәлік ЖҰМАТТЕГІ.

Біздер кейде атақдаңқы дардай болмаса да, қоғамға тигізер пайдасы таудай адамдарды елемей, көлеңкеде қалдырып жатамыз. Осындай мақтауға да, жақтауға да әбден тұратын жандардың бірі – ақыл-парасаты мол, ұрпағы мен өз ортасына берер тәлім-тәрбиесі зор, отбасының ұйытқысы, Ардақты ана, бүгінде Тайынша қаласында тұратын, 28 немеренің әжесі Шәһәрман Қасымқызы.

Бүгінде 85 жастағы Ардақты ана атанып, ел құрметіне бөленіп отырған жеңгеміз 12 баланың бірін етегіне, бірін жетегіне ала жүріп, үйдің де, түздің де шаруасын бірдей атқарып, 35 жылдай сауыншы болып еңбек еткен. Осы күні сол еңбектің зейнеті мен балаларының рахатын көріп отырған аяулы аналардың бірі ғана емес, бірегейі десек те болады.

Өзімен 50 жыл отасқан отағасы Ешімбай Тәшетұлының да балалардың білім алып, өсіп-өнуіне қосқан үлесі өте зор. Өйткені, ана – панасы бар орманың болса, әке – қорғаның. Шәһәрман жеңгейдің жарық дүниеге әкелген он екі баласының бәрі де бүгінге дейін есен-сау. Бәрі де өз мамандықтары бойынша қоғамдық өмірдің әр саласында қызмет етіп жүр.  

Бүгінде Шәһәрман жеңгей кенже ұлы Оралдың қолында тұрады. Ол да алдыңғы ағаларының жолын қуып, аудандық ІІБ-де істеп жүр. Ал қыздары әртүрлі мекемелерде еңбек етуде. Біз Шәһәрман жеңгейден: “Сіз өзіңізді бақыттымын деп санайсыз ба?” дегенде Ардақты ана:

– Мен, әрине, бақыттымын! Бірақ мен дүниеге осыншама бала әкелгенімді бақытқа санамаймын, Алланың жазмышы. “Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар, қалан!” – деп ұлы Абай айтпақшы, әр баланың өмірден өз орнын тауып, еліміздің болашағына өз үлестерін қосып жатқандарына масаттанғанымнан бақыттымын, – деп жауап берді.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp