«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМДАРДЫҢ ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Төлеген МҰҚАШЕВ,

Есіл аудандық мәслихаттың хатшысы.

Бесінші шақырылған облыстық, аудандық мәслихат депутаттарын, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудан кейінгі кезең жалпы еліміз үшін де, әр қазақстандық үшін де зор маңызы бар саяси оқиғаларға толы болды.

Әрине, басты оқиға – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауы. Бұл тарихи құжат еліміздің дамуының басты бағыты болып табылады. Ол әлемдік қауымдастық тарапынан да үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Қазақстан мемлекеттік Тәуелсіздігін алған сәттен бастап еліміздің алға қарай сәтті дамуының басты шарты ішкі саяси тұрақтылықты, азаматтық бейбітшілікті, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету болды және болып қалып отыр. Мемлекеттік құрылыс барысында демократиялық үдерістерді дамытуға, ондағы мәслихаттардың рөлін арттыруға баса назар аударылды.

Мәслихаттар өзінің 20 жылға жуық тарихында өмір сүру қабілеті мен саяси маңыздылығын таныта білді, дамушы демократияның маңызды құралына айналды. Олар бүгінгі күні – азаматтық мәдениетті тәрбиелеу, басқаның пікірін сыйлай білетін, ымыралы шешім табатын, белсенді де жауапкершілігі мол адамдарды шыңдау мектебі.

Ауыл әкімдерін аудандық мәслихат сессиясында сайлау кезінде бірінші кезекте депутаттар сайлаушылардың пікірін назарға алды. Жоғары іскерлік, моральдық қасиеті жоқ үміткер ауылдық округке әкім болып сайлана алмайды, оған қоса сайлау баламалы негізде өтті.

Алайда, сайлау – бұл істің жартысы ғана. Өз ауылының, қаласының түйінді мәселелерін шешуде тұрғындардың өздері белсене қатысқаны маңызды. Бұл ретте үлкен жауапкершілік мәслихаттарға, олардың тұрақты комиссияларына, депутаттарға жүктеледі.

Мәслихатта “Нұр Отан” депутаттық фракциясы тіркелген, оның құрамына 12 депутат кіреді. Фракцияны депутат, “Агрохимснаб” ЖШС директоры Василий Шкодин басқарады. Депутаттық фракцияның негізгі қызметі бақылауды жүзеге асыруға бағытталған.

Сессияларда 2011-2015 жылдарға арналған Есіл ауданын дамыту бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қаралды, 2013-2015 жылдарға аудан бюджеті бекітілді, олар стратегиялық, бағдарламалық құжат болып табылады. Былтыр және үстіміздегі жылы депутаттар 8 сессияда бюджетті нақтылауды қарады, 375 млн. теңгеден астам қосымша бөлінген қаражаттың барлығын әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға жұмсау туралы шешім қабылданды. Мәслихаттың бақылау қызметтерін жүзеге асыру формаларының бірі – даму бағдарламалары мен мәслихат шешімдерінің орындалуы бойынша атқарушы органдардың есебін тыңдау.

Ауылдық округтерге барып тұрақты комиссиялардың көшпелі кеңейтілген отырыстарын өткізуге баса назар аударылады. Бұл жағдайда онда жергілікті қоғамдық ұйымдардың, лауазымды тұлғалардың және халықтың барынша көбірек қатысуына мүмкіндік туады. Негізінде бұл – аса маңызды және қоғамдық мәні зор мәселелер бойынша көпшілік талқылау.

Депутаттар абаттандыру, көгалдандыру, ауылдарды санитарлық тазарту, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары және басқа лауазымды тұлғалардың ғана емес, сонымен бірге халықтың барынша қатысуын, оның азаматтық белсенділігін арттыруды талап ететін мәселелерді шешуге қатысады.

Сонымен қатар депутаттар айына бір рет жарияланатын азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес, “Нұр Отан” аудандық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдайды, келіп түскен шағым-арыздар бойынша шаралар қолданады.

Сондай-ақ депутаттар демеушілік көмектің, қайырымдылықтың және басқа жақсы бастамалардың ұйытқысы болып табылады. Мысалға, былтыр да, биыл да өз шаруашылығы бар депутаттар өз сайлау округтеріндегі әлеуметтік салаға қаржы бөлді. Андрей Круч туған ауылы – Корнеевка ауылында өз қаражатына шіркеу салу үстінде, Василий Шкодин Амангелдіге хоккей қорабын салуға, жолдарды жөндеуге, ауылға кіре-беріске асфальт төсеуге, мерекелерді өткізіп, ардагерлерге құрмет көрсетуге қаражат бөлді, Юрий Метринский 55 спортшыдан астам адам қатысқан спорттық күрес бойынша аудандық жарысқа демеушілік жасады, Петр Гольцер де ауылдағы әлеуметтік салаға ақша аямайды. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Мәслихат депутаттары “Нұр Отан” аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясымен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, даму бағдарламаларын іске асыру барысын бақылау сияқты мәселелері бойынша тығыз байланыста. Бірлескен отырыстарда бөлімдер мен қызметтер басшыларының есептері тыңдалады, бірлескен шешімдерде жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстар беріліп, қосымша шаралар анықталады.

Депутаттардың барлық жұмысы сайлаушылардың назарында екенін де атап өткен жөн. Ол үшін сайлаушылармен жиналыстар, кездесулер өткізіледі. Жыл басында депутаттар өз сайлау округтеріндегі әр ауылда сайлаушылар алдында мәслихат жұмысы туралы, өзінің өткен жылғы депутаттық жұмысы туралы ақпарат береді.

Депутаттар аудандық ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері болып табылады, Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауын, басқа да маңызды саяси оқиғаларды түсіндіруге атсалысады.

Бүгінгі халық қалаулылары алдыңғы шақырылым депутаттарының игі істерін жалғастырып, өз сайлаушыларының зор сенімін абыроймен ақтап жүр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp